Костенко шахтасында қаза тапқандар саны 42-ге жетті
Фото: ҚР ТЖМ
Костенко шахтасынан 42 адамның денесі табылды. Тағы 4 кенші іздестіріліп жатыр, Аварияны жою жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы – Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов шахтаға түсті.
Өрт тұтанған жер мен кеншілер қаза болған орын тексеріледі, деп хабарлайды Altaynews.kz сайтының тілшісі ҚР ТЖМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
Аварияны жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіруде. Ең қауіпсіз және кеншілер болуы мүмкін ықтимал учаскелер бойынша тау-кен құтқарушыларының өту жолдары пысықталуда.
Іздестіру жұмыстары бір-бірінен, шамамен, 4 км қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесінің ауданында жүргізілуде. Тау-кен құтқарушылары қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Газ жағдайын бақылау жалғасуда.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылды. Шұғыл медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 21 адам және 7 бірлік жедел медициналық жәрдем техникасы жұмылдырылды.
Бұдан басқа, ТЖМ және Қарағанды облысының ТЖД-да республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.