Өскеменде «Әжелер алқасы» облыстық форумы өтті (видео)
Алақанына әлемнің бүкіл мейірімін жиған ақылы дария әжелер ұл мен қыздың ғана бағбаны емес, ұлтының да ұйытқысы болғанын тарихтан білеміз. Зередей ұлағатты әжеден аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандар тыңдап өскен бала Абай дана Абайға, Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқан қазақтың маңдайына біткен ағартушы-ғалымға, Дінәсілдей әженің бауырында өскен Мұхтар Әуезов заңғар жазушыға айналды. Қазақ тарихында әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі.
Даналықтың кемел мектебі бола білген асыл жандардың өнегелі жолын жаңғырту мақсатында Өскеменде «Әжелер алқасы» облыстық форумы өтті. Аймақтың аудан-қалаларынан ақ жаулықты әжелер келіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісті, ақыл-кеңесін айтты. Құрамында 121 мыңнан астам мүшесі бар облыстық ардагерлер кеңесі жанынан «Әжелер алқасы» құрылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тағылымы мол жиында ШҚО әкімі Ермек Көшербаев жас ұрпақтың бойына асыл қасиеттердің дәнін сіңіріп, отбасылық құндылықтарды нығайтуда, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеуде әжелердің рөлі жоғары тұратынын атап өтті.
Зайсан ауданынан келген ақ жаулықты әже Назира Советханқызы ата мен әженің тәлімді тәрбиесін алған ұрпақ күні ертең еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болып қалыптасатыны сөзсіз деп ағынан жарылды
Аймақ басшысы қазыналы қарттармен кездесуге жастарды да тарту керектігін атап өтіп, мұндай мәнді де мағыналы жиындарды жиі өткізіп тұруға тапсырма берді. Сондай-ақ барлық аналар мен әжелерге құрмет көрсете отырып облыс орталығында «Әжеге тағзым» монументалды ескерткішін орнатуға ниетті екенін жеткізді.
Форум соңында қоғамдық жұмысқа белсенді араласып, ұрпақ тәрбиесіне ерекше үлес қосып жүрген әжелер «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті ардагері» белгісімен марапатталды.