"Былай созуға болмайды". ШҚО-да жол саласындағы жұмыстар неге тоқтап тұр?
Облыс әкімі Даниал Ахметов Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Қазақавтожол» ЖШС өкілдерімен кеңес өткізді.
Қазір аймақта республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың құрылысы, жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Осы жұмыстардың тиімділігі мен сапасын бағалау өте маңызды. Солардың бірі - Октябрьский ауылынан кейінгі учаске «Өскемен-Алтай» тас жолы. Бұл жердегі жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кетті. Жазда өңірге автокөлікпен келген туристер жол азабын тартты.
- Былай созуға болмайды. Мен «Қазақавтожол» кәсіпорнына нақты жұмыс кестесін әзірлеп, ұсынуды тапсырдым. Сондай-ақ, Зайсанға апаратын республикалық тас жолдың жұмысына қатысты қытайлық мердігер компания мен қазақстандық қосалқы мердігер компания арасындағы дауларды шешу қажет. «Осиновский асуын» айналып өтетін жол құрылысының мәселесіне келетін болсақ, бұл республикалық жоба. Бұған мүмкіндігінше тезірек жаңа тендер жариялау қажет. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті мәлімдегендей, жобаға түзету енгізілген. Жол құрылысы жұмыстарын аяқтауға 12 миллиард теңге бөлінген. Конкурс жарияланып, оның қорытындысы бойынша мердігер анықталуы керек, - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Одан бөлек кеңесте келесі жылы Катонқарағайда төрт ағаш көпірді темір бетон көпірге ауыстыру жұмыстары басталатыны айтылды. ⠀
Сонымен қатар, «Омбы – Майқапшағай» тас жолындағы, Қайнар ауылына апаратын жолдың, «Ақсуат – Аягөз», «Әуезов – Шар» учаскелеріндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау кезек күттірмейтін мәселе.
- Бізге алда атқарылуы тиіс жобаларды жоспарлау үшін нақты жұмыс кестесі қажет. Ең алдымен аймақтың белгілі бір автомобиль жолдарындағы қозғалыс қарқындылығын ескеру қажет. Ол жол жөндеу жұмыстарын атқарғанда басымдыққа ие болуы керек, - дейді әкім.