KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 8 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Цифрлық басқару платформасы: ШҚО-да Өңірлік аналитикалық орталық ашылды

23.12.2025, 13:30 520 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында Өңірлік аналитикалық орталық іске қосылды. Өскемен қаласында өткен жобаның тұсаукесерінде өңір өмірінің негізгі салаларын біріктіретін және мемлекеттік басқаруға жасанды интеллект технологияларын енгізуге негіз болатын жүйенің мүмкіндіктері таныстырылды. Жоба туындаған мәселелерді жедел анықтап, деректерге сүйене отырып, жедел шешімдер қабылдауға жол ашады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жаңа аналитикалық орталық – негізгі салалардан келіп түсетін деректерді жинақтайтын және жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін өңірлік цифрлық басқару платформасы. Жүйені Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасы әзірлеген. Олардың айтуынша, орталық «бір терезе» қағидаты бойынша өңірде не болып жатқанын толық көрсетіп, жедел араласуды қажет ететін бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді.

Өңірлік аналитикалық орталықтың басты мақсаты – мәселелерді ерте байқап, оларды шұғыл шешу. Платформа жылу көздері мен экологиялық жағдайды мониторингілеу жүйелерін, мердігер ұйымдардың жұмысын бақылауды, сондай-ақ төтенше жағдайлар, жол-көлік оқиғалары мен қылмыстық ахуал туралы деректерді біріктіреді. Барлық ақпарат біртұтас контурда жинақталып, талданады.

– Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқаруға цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облысымызда Өңірлік аналитикалық орталық іске қосылды. Бұл платформа шеңберінде ауа сапасы, су тасқыны жағдайы, мердігерлердің қызметі автоматты түрде бақылауға алынады. Сонымен қатар, өңірдің ақпараттық кеңістігіне аналитика жасалып, адам факторынсыз объективті деректер қалыптасады. Бұл өз кезегінде дұрыс әрі уақтылы басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, – деді ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасының цифрлық басқаруды дамыту бөлімінің басшысы Гүлназ Ахметова.

Өңірлік аналитикалық орталық қызметінің негізгі бағыттарының бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен қалалық орта. Қазіргі таңда жүйе онлайн режимде жылу көздерінің, қар тазалау, қоқыс шығару және жол жөндеу жұмыстарына жауапты мердігерлердің қызметін бақылап отыр. Жылу энергетикасы нысандарына арнайы датчиктер орнатылған, олар әр минут сайын температура, қысым, су шығыны және отын қоры туралы мәліметтерді жолдайды. Белгіленген нормадан ауытқу болған жағдайда жүйе автоматты түрде сигнал береді.

– Бұл талдау орталығы арқылы барлық дерек орталықтандырылып, басқару деңгейіндегі шұғыл шешім қабылдауға жағдай жасалады. Мәселен, тұрғыны үй коммуналдық саласындағы жұмыстар – қар тазалау, қоқыс шығару, жол жөндеу толық бақылауда. Автоматтандырылған жүйе арқылы облыс басшылығы жағдайды «алақандағыдай» көре алады. Қандай да бір ауытқу болса, нүктелі шешім қабылдап, дереу ықпал етуге болады. Ал тұрғындар үшін пайдасы – мәселен, қоқыс алаңына қатысты шағым түсірсе, өтініш тікелей орындаушыға жолданады, – деді Rating компаниясы директорының орынбасары Валерия Коцур.

ӨАО-ның маңызды ерекшеліктерінің бірі – жасанды интеллект көмекшісінің іске қосылуы. Әзірлеушілердің айтуынша, ол тәуекелдерді анықтап, дауыс арқылы берілген сұраныс бойынша нақты нысан жөнінде ақпарат ұсына алады. Бұл төтенше жағдайларды күтпей-ақ, алдын ала болжауға мүмкіндік береді.

Цифрлық бақылау мердігер ұйымдардың жұмысына да таралады. Жүйе техниканың қайда, қашан және қанша уақыт жұмыс істегенін, атқарылған жұмыстың көлемін және тұрғындардан түскен шағымдарды көрсетеді. Пилоттық режимде 50 қоқыс алаңы QR-кодтармен жабдықталған. Тұрғындар қоқыс шығару тарихын көріп, бірден заңбұзушылық туралы хабарлай алады. Бұл ұзақ күту мен әлеуметтік желілердегі артық жазбаларды азайтуға мүмкіндік береді.

– Өңірлік аналитикалық орталықтың тағы бір бағыты – табиғи және техногендік қауіптерді талдау. Мысалы, коммуналдық апаттардың алдын алу үшін жылу көздерінің жағдайы бақыланады. Температура немесе қысым өзгерсе, бұл ақпарат бірден көрініс табады және облыс әкіміне жедел есеп түрінде жеткізіледі. Жүйенің кеңейту әлеуеті жоғары, болашақта басқа өңірлерге де енгізу жоспарланған. Әр сала бойынша мәліметтер жиналып, жасанды интеллект құралдарының көмегімен автоматтандырылған есепке айналады. Бұл мемлекеттік қызметшілердің уақытын үнемдеп, негізгі жұмысқа көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді, – деді Валерия Коцур.

Экологиялық блок та тәулік бойы жұмыс істейді. Өскемен қаласында шағын аудандар мен өндірістік аймақтарды қамтитын 25 автоматтандырылған ауа мониторингі бекеті жұмыс істеп тұр. Жүйе қоршаған ортаның 13 параметрін үздіксіз өлшеп, ластану деңгейін нақты уақыт режимінде көрсетеді. Бұл экологиялық тәуекелдерді деректер мен болжамдарға негіздей отырып басқаруға жол ашады.

Өңірлік аналитикалық орталығында қауіпсіздік пен төтенше жағдайларға арналған жеке блок бар. Мұнда су тасқыны жағдайы, жол-көлік оқиғалары, қылмыстық ахуал, бейнебақылау камералары мен жедел қызметтердің деректері біріктіріліп, интерактивті панельдерге шығарылады.

Бұдан бөлек өңірдегі гидробекеттерді автоматтандыру басталады. Арнайы датчиктер су деңгейін, ағыс жылдамдығын және мұз жағдайын бақылап, жасанды интеллекттінің көмегімен су тасқынын алдын ала болжауға мүмкіндік береді.

Келесі жылы Шығыс Қазақстан облысында көпфункционалды дрондар паркін іске қосу жоспарланып отыр. Олар жол-көлік оқиғаларын 3D-модельдеу арқылы тіркеу, жаппай іс-шараларды бақылау, іздестіру-құтқару жұмыстары, жылу желілерін және қолжетімі қиын аумақтарды қадағалау үшін пайдаланылмақ. Әзірлеушілердің бағалауынша, бұл тәсіл дәстүрлі әдістерге қарағанда жылдамырақ, арзан әрі дәл.

Орталық қызметінің тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың өтініштерімен жұмыс.

– Енді аналитикалық платформа тұрғындардың барлық өтініштерін бір жерге жинайды: 109 колл-орталығы, әлеуметтік желілер, онлайн платформалар. Жүйе хабарламалардың мазмұнын талдап, қайталанатын өтініштерді анықтайды және мекемелердің жай ғана «жауап жазып құтылуына» жол бермейді. Мақсат – әрбір сигнал нақты нәтижеге жетуі, – деді әзірлеушілер.

Өңірлік аналитикалық орталық аймақтық «деректер көзін» қалыптастырудың негізгі элементіне айналды. Қазірдің өзінде жүйеде су тасқыны, әлеуметтік желілер және жылу көздері бойынша ЖИ-көмекшілер жұмыс істеп тұр. Жоба Энергетика министрлігінің оң бағасын алып, республикалық деңгейде таратуға ұсынылды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі орталықтың жедел әрі дұрыс шешім қабылдаудағы маңызын атап өтті. Әсіресе, су тасқыны кезінде уақыт санаулы сәттермен өлшенетінін жеткізді.

– Бұл ең алдымен уақытты үнемдеу, күнделікті қауыртты азайту үшін қажет. Өңірлік аналитикалық орталық коммуналдық қызметтердің жұмысын, су тасқыны мен өрт қаупі кезеңіндегі жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қоғамдық көлік саласын да қосу керек – біз тасымалдаушыларға субсидия төлейміз, демек бюджет қаржысының қалай жұмсалып жатқанын нақты білуіміз қажет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Өңір басшысы цифрландырумен айналысқан ұжымға алғысын білдіріп, облыстың тоғыз басқармасының жұмысы цифрлық форматқа көшірілгенін атап өтті.

– Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Барлық үдеріс цифрландырылса, мен кеңестерде басқарма басшыларынан «деректеріңіз қандай?» деп сұрамай-ақ, қажетті ақпаратты күн сайын өзім көріп, тиісті шешім қабылдай аламын, – деді облыс әкімі.

ӨАО тұжырымдамасы тек қазіргі кезеңмен шектелмейді. Алдағы уақытта платформаның қызмет ауқымын кеңейту, жаңа дерек көздерін қосу және жасанды интеллект шешімдерін өзге салаларға енгізу жоспарланып отыр. Бұл Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық үдерістерді болжауға негізделген тұрақты басқару жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.


Дамир Омаров

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Жалғас Сакадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу