Бас полицей 14 жастағы баланың арманын орындады - ШҚО
«Қазақстан полициясы күнін» мерекелеуге орай Шығыстың бас полицейі бала кезінен бастап полиция қызметкері болуды армандаған 14 жастағы Серік Асылдың арманын іске асырды.
Мақсатына жету үшін Асыл кішкентай болғанына қарамастан қазірден өзіне өте сенімді, нық қадамдар жасай бастаған. Мектебінде озат, спортты жанына серік етіп, бокс және дзюдомен айналысады, полицияның кішкентай көмекшісі, ҚЖИ қатысушысы (қозғалыс жол инспекторы).
Асылдың баға жетпес арманы полициядан қоңырау келіп түскен кезде-ақ өңіне айналды. Болашақ қызметінің жай-күйімен танысып, барлығын өз көзімен көруге мүмкіндік алды.
Ол полиция қызметкерінің бір күнін басынан кешті. Кинологиялық қызмет орталығына барып, полицияның қызметтік иттерінің қалай ізге түсіп жұмыс істейтінін, қылмыскерлерді қалай ұстайтынына куә болды. Криминалистің жұмысымен танысып, арнайы жабдықталған оқу полигонында саусақ іздерін алуға тырысты. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жауынгерлерінің қоян-қолтын шайқасын, сондай-ақ Полиция департаментінің музейін аралап, онда қылмыскерлердің қаруларын көріп, қолымен ұстап көрді. Күн сайын облыс жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін патрульдік полиция қызметінің инспекторы да болып көрді.
Табанды, еңбекқор жас үшін ең қызықты, қуанышты сәт Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиевпен кездесу болды. С.Мадиев Департамент бойынша экскурсияны өзі өткізді.
Одан бөлек, Асыл кез келген Полиция департаментінің «жүрегі» саналатын Жедел басқару орталығында да болып қайтты. Жеке құрам қатысқан гарнизондық жиында Департамент бастығымен бірге шыққан кезде өзін нағыз полицейдей сезінді.
Баға жетпес қуанышқа бөленген Асылдың есінде осы күн мәңгілік қалу үшін ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев оған командирлік сағат табыстап, болашақ полиция қызметкерінің ата-анасына үлкен алғысын білдірді.