Үржар ауданында үшем дүниеге келді
Үржарда үшем дүниеге келді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі semeytany.kz сілтеме жасап.
Электриктер отбасында дүниеге келген үшемнің атасы ауданға белгілі жан. 36 жыл еңбек өтілі бар аудандық электр желсінің бас инженері – Айшыңғыс Күзеубаев. Әжелері Пәкизат Турлина көп жылдар саудамен айналсып, бүгінгі таңда зейнетке шыққан.
Үшемдердің әкесі Өтей Сырым Таскескен ауылында электрик, ал аналары бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. Ал ерлі-зайыптылардың тұңғышы Аяла қазір бір жастан асқан.
Отбасына үлкен қуаныш сыйлап өмірге келген сәбилердің есімдері – Айсезім, Аяжан, Айым. Аналарының айтуынша, жергілікті зерттеуден өткен кезде өмірге үшем әкелетін білмеген. Мамандар құрсақта егіз бала бар деп айтқан екен, дегенмен өмірге бірден үшем келгендегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес дейді.
- Алғашында шала туылды деп естіген соң, балалардың аман болуын, денсаулықтарының түзеліп кетуін тіледік. Мұндай жағдай біз ес білгелі біздің тұқымда болған емес. Сондықтан, біз үшін бұл күтпеген жағдай. Қазақта «Егіз қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар. Құдайдың берген нәсібі деп білеміз,- дейді кеуделерін шаттық сезімі кернеген үшемнің атасы мен әжесі.
Айта кетейік, үшемдердің дүниеге келуі Үржар ауданы тарихындағы екінші оқиға екен.