Алакөлдің шығыс жағалауына енді немен барамыз?
1 мамырдан бастап Үржар әуежайы ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуге байланысты жабылады.
Соған байланысты Алакөл жағалауына баратын туристер үшін автобус маршруттарының және пойыз вагондарының саны артпақ.
Десе де, халық арасында көлік жетіспеушілігіне байланысты алаңдаушылық туындап отыр. Бірақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Жалаңашкөл станциясына дейін қатынайтын теміржол вагон санын сегізден онға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтың айтуынша, бұл әр бағыт бойынша орын санын 352-ден 456-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
- 17 маусымнан бастап аптасына үш рет "Алматы – Достық" қатынасындағы 10 вагоны бар жаңа жолаушылар пойызы жүре бастайды. Бұл қосымша 450 орынды қамтамасыз етеді. Облысішілік қатынастар бойынша Өскемен, Семей қалаларынан Жалаңашкөл станциясына вагондар саны әр бағыт бойынша бестен жетіге дейін ұлғайтылады. Орындар санын 270-тен 416-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Нұржан Жұмаділов.
Бұдан бөлек, Өскемен мен Семейден Үржар ауылына күн сайын қатынайтын автобустар санын екі есе, яғни сегізден 16-ға дейін арттыру мәселесі пысықталды.
Басқарма басшысы Үржар ауылындағы әуежай пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеу жүргізілмегенін атап өтті. Қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу мерзімін кейінге қалдыру ұшу қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін. Бұл ретте әуежайды жаңартқаннан кейін ұшақтарды түнде де қабылдау мүмкіндігіне ие болады. Бұл келесі жаз мезгілдерінде Алакөл көлінің жағалауына туристер санын арттыруға мүмкіндік бермек.