40 жылдан бері осында. ШҚО-да психикалық денсаулық орталығында құжаты жоқ 30-ға жуық адам тұрып жатыр
Шығыс Қазақстандағы психикалық денсаулық орталығында құжаты жоқ 30-ға жуық адам тұрып жатыр. Олардың кейбірі тіпті өздерінің кім екенін де білмейді, - деп хабарлайды Qazaqstan Ұлттық арнасы.
Ұлан ауданының Жаңа Қанай ауылындағы жүйке ауруларын емдейтін мекемеде 135 науқас бар. Бірақ оның 24-де ешқандай құжат жоқ. Белгісіз жандардың жастары да, осы жерге келген уақыты да әртүрлі. Мысалы, Андрей Павленко есімді азамат 40 жылдан бері осында.
Андрей Павленко, науқас:
Мен Өскемен қаласында дүниеге келіп, сол жерде өстім. Сол жағалау ауданында оқыдым. Одан кейін мені қазіргі Алтай ауданындағы балалар үйіне жіберді. Ол жақтан осында келдім. Менде құжат мүлдем болмаған
Клара Мұқатаева, облыстық психикалық денсаулық орталығының Жаңа Қанай ауылындағы бөлімінің аға медбикесі:
Он сегіз жаста болатын. Содан бері осы ауруханада жатыр. Осында жатқалы қырық жыл өтті
Белгісіз жандардың бірі дұрыс сөйлей алмаса, енді бірінің ақыл-есі кем. Көбі өткен күндерін толық есіне де түсіре алмайды. Ал кейбірі өзінің кім екенін де білмейді. Әсіресе, ауырған кезде ешбір мекеме қабылдамайды. Мүгедектік рәсімдеп, интернатқа орналастыру тіпті мүмкін емес. Орталыққа қарасты өзге де мекемелерде осындай белгісіз жандардың жалпы саны 30-ға жуық. Қызметкерлер олардың құжатын түгендеп, адам тізіміне қосу үшін талай әуре-сарсаңға түскен. Бірақ әзірге нәтиже жоқ.
Мерхат Мұқышев, облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры:
Біз құжаттарын рәсімдеп бере алмай отырмыз. Көші-қон полициясы сотқа жібереді. Сот олардың жеке басын растай алмайды. Өйткені бұл адамдардың туысы немесе өзге таныс адамдары жоқ.
Өңірдегі көші-қон қызметі болса, қол қусырып отырған жоқпыз дейді. Бірақ, белгісіз жандардың төлқұжатын жасау кезінде бірқатар қиындық барын жасырмады.
Нұрлан Жеңісханов, облыстық көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары:
Өздерінің өмірбаян және тұрған жерлерін, туған-туыстары қайда, қай жерде тұратынын айта алмайды. Сонымен қатары, мәселелердің бірі, олар сөйлей алмайды. Облыстық психикалық денсаулық орталығының директорына бірлесе жұмыс жүргізуге хат жолданды.