KZ
Өскемен
-17°
плотный туман Штиль
503.35 590.63 6.62

Шығыстың екі жас боксшысы Азия чемпионатында алтын алды

30.04.2025, 20:00 522 Ержан Әбіш

24-30 сәуір аралығында Иорданияның Амман қаласында 15 және 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында бокстан Азия чемпионаты өтті. Аталған байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы сапында Шығыс Қазақстан облысынан бес боксшы ел намысын қорғады. Олардың екеуі чемпион атанды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жас былғары қолғап шеберлерін және олардың бапкерлерін Азия чемпионатындағы жеңістерімен құттықтады. Әкім бұл жетістікті өңір спорты үшін үлкен мәртебе әрі жастарды спортқа баулудағы маңызды қадам деп атады.

Азия чемпионатына 15-17 жас аралығындағы 247 спортшы қатысты. Оның ішінде 140-ы – ересек жасөспірімдер (U17), ал 107-сі – кіші жасөспірімдер (U15) санатында өнер көрсетті.

Азия чемпионатында Шығыс Қазақстан облысынан қатысқан боксшылар жақсы нәтиже көрсетті. Алтай қаласынан барған Шыңғыс Ахметов 49 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, 9 спортшының арасынан озып шығып, Азия чемпионы атанды. Оның жеке бапкері – Серік Сембиев.

Темірали Темірбаев 52 келі салмақта өнер көрсетіп, 13 қатысушының ішінде үздік шығып, чемпиондық тұғырға көтерілді. Бұл спортшы да Серік Сембиевтің шәкірті.

Өскемен қаласының атынан сынға түскен Алдияр Баяндинов 63 келі салмақта 12 спортшымен жарысқа түсіп, алғашқы кездесуінде – ширек финалда Украина өкілінен жеңіліп қалды. Оның бапкері –Бауырбек Калек.

Мирас Қуанышев 61 келі салмақ дәрежесінде 6 спортшының арасында сынға түсіп, алғашқы жекпе-жегінде Өзбекстан боксшысынан жеңіліп қалды. Бапкері –Талант Бейсенов.

Тағы бір өскемендік спортшы Ринат Ерболұлы +80 келі салмақта өнер көрсетіп, 9 қарсыластың ішінде ширек финалда Украина өкілінен жеңіліп қалды. Жеке бапкері – Әділет Шорганов.

Екі алтын медаль – Шығыс Қазақстан спорт мектебінің және жеке бапкерлердің жүйелі еңбегінің нәтижесі. Аймақ спортшыларының халықаралық деңгейдегі бұл жетістігі – өңірдегі спорт саласының дамып келе жатқанының дәлелі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу