Мемлекеттік басқару академиясы қабылдау науқанын бастады
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында 2025 жылғы қабылдау науқаны басталды. 1 сәуірден бастап құжаттар онлайн форматта қабылдануда. Өтініштер «Admission» ақпараттық жүйесі арқылы 25 маусымға дейін жолдана алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Академия биыл 12 білім беру бағдарламасы бойынша үміткерлерді оқуға қабылдайды. Оның ішінде 9 магистратура және 3 докторантура бағдарламасы қарастырылған. Магистратураға 120, ал докторантураға 12 мемлекеттік білім гранты бөлінген.
Магистратураға түсу үшін үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Енді жалпы магистратура бағдарламаларына – кемінде 3 жыл, «Мемлекеттік басқару» (MPA) бағдарламасына – кемінде 5 жыл, «Мемлекеттік саясат» (MPP) бағдарламасына – кемінде 4 жыл мемлекеттік қызмет өтілі қажет.
Биылдан бастап ақылы бөлімге тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, квазимемлекеттік сектор мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері де құжат тапсыра алады.
Қабылдау кезеңдері: аналитикалық эссе – 28 маусым мен 1 шілде аралығында (онлайн), сұхбаттасу кезеңі – 8-23 шілде аралығында (офлайн), нәтижелерді жариялау – 25 шілде, құжаттарды рәсімдеу және келісімшарт жасау – 7 тамызға дейін.
Оқу процесі дәстүрлі түрде 2025 жылғы 1 қыркүйекте басталады.
Қабылдау шарттары мен бағдарламалар туралы толық ақпаратты Академияның ресми сайтынан (www.apa.kz) және әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады. Сондай-ақ үміткерлер Қабылдау комиссиясына немесе өңірлік филиалдарға хабарласа алады.
Мемлекеттік басқару академиясы – кәсіби біліктілігін жетілдіріп, ел басқару ісінде нәтижелі жұмыс істеуге ниетті мамандар үшін бірегей білім беру алаңы.