Төре мамандық төрге озды
Қазақтың күн келбетті ақыны Мағжан Жұмабаев мұғалімдерді төрге ХХ ғасырда-ақ жайғастырған еді. Алайда сол заманнан бері «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен кезеңдер аз болған жоқ. Ұстаздың ұлы мәртебесі біртіндеп төмендеп кеткені де жасырын емес. Тек төрт жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды қайта төрге оздырды. 2019 жылдың желтоқсан айында тарихи шешім – «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданған еді.
Білім саласындағы бұл реформа бірден нәтижелі болғанын айтуымыз керек. Мұғалім мамандығына деген мұқым елдің көзқарасы өзгеріп шыға келді. Жастар жағы болса жоғары оқу орындарынан мектепке «адаспай» келіп жатты. Мұғалім мамандығының дипломын ала сала, алтын ұяға асыққан жастарың бірі – Ислам Қожаназыров.
Ұстаздық – Исламның бала арманы. Дегенмен мамандық таңдар тұста жас түлектің бойында қорқыныш болған екен. «Бұл мамандықтың болашағы бар ма?» деп ойланғанын жасырмайды жас маман. Екіншіден, жауапкершілік деген жүк тұрмақ жон арқада. Ұлт өзегі – оқушыға тәлім беру оңай болсын ба?!
– Мен бәрібір жаныма жақын мамандықты таңдадым. Оқушы кезімде ұстаздарға қызыға қарайтынмын. Олардың сөйлеу мәнері, көзқарасы, киім үлгісі – бәрі-бәрі қызықтыратын. Сондықтан қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болуға бел байладым, – дейді кейіпкеріміз.
Ислам мектепті тәмамдаған 2016 жылы біз айтып отырған реформаның сұлбасы да болмағаны анық. Дегенмен ол бала арманын орындау үшін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің есігін қақты. Дәл осы білім ордасында төрт жыл қабілет-қарымын ұштады.
– Студенттік шақ, әлбетте, қызыққа толы болды. Арманшыл жастардың алғашқы таныстығы, бірте-бірте бір үйдің баласындай болып ұйысуы – бәрі де тамаша сезімдер. Өзге де қатарластарымыз сияқты біз де ойнадық, күлдік. Бірақ ертең-ақ ұстаз болатынымызды ұмытқан емеспіз. Бір бағалы міндет санамызды мазалайтын да тұратын. Есіктен орын тапсақ та, елге қызмет етеміз деп бекінген едік, – дейді жас маман.
Ислам мен оның замандастары осындай ойда жүргенде, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, өз жемісін бере бастаған еді. Сол сәтте кемел келешекке даңғыл жол ашылғандай болды дейді гуманитарлық факультет түлектері. Сол даңғылмен біздің кейіпкеріміз де облыс орталығындағы №49 жалпы білім беретін мектепке келіп, еңбек жолын бастап кеткен.
– Содан бері де төрт жыл өтті. Төрт жылда талай уақытқа талғажау болар тәжірибе жинадым. Білім саласында оқыту процесі ғана емес, мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас та аса маңызды. Шәкірт ұстазына, ұстаз шәкіртіне ілтипат танытса, оқу үрдісі өздігінен жүріп отырады. Бұл жерде педагог мәртебесінің өсуі оқу ісінің ілгерілеуіне көп ықпал еткенін айтуымыз керек, – дейді ол.
Жас маманның бүгінге дейін жеткен жетістіктері де жоқ емес. Қызметке кірісе сала, мектепішілік «Үздік идея парадының» бас жүлде иегері атанып, артынша «Үздік жас маман» атағын жеңіп алған. 2021-2022 оқу жылы «Дарынды оқушыға – талантты ұстаз» республикалық конкурсының облыстық кезеңінде «Импровизатор» аталымына лайық деп танылыпты. Ал 2022-2023 жылы облыстық пікірсайыста «Үздік жетекші» аталымына ие болған.
– «Педагог мәртебесі туралы» Заң, шынымен де, мұғалімдердің мерейін үстем етті. Әлеуметтік және құқықтық тұрғыда көп қолдауға ие болдық. Қоғамда беделіміз артты, біз мұны сезіндік. Төрт құбылаң тең болып тұрса, неге тер төкпеске?! Қазір маған мектептегі мамандардың жасы да, жасамысы да екінші тынысы ашылып еңбектеніп жатқандай көрінеді. Ілім-білімге талап та күшейді. Мен оқушыларымның бәсекеге қабілетті болғанын қалаймын, соған күш саламын. Өйткені жас түлек үлкен өмірге мектептен қанат қағады. Оның үлгілі адам болуы да, мықты маман болуы да ұстаздан, – дейді Ислам Қожаназыров.
Жас маманның айтуынша, мұғалім ата-аналармен де үнемі көзбе-көз жүздесіп, ортақ тіл табысуы тиіс. Екі тараптың пікірлес болғаны орынды. Балаға үйде де, мектепте де бірдей тәлім берілгені жөн деп санайды. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген нақылды да қаперде ұстайды жас мұғалім.
Көп айтылса да, құнын жоғалтпайтын бір сөз бар: Жас келсе, іске. Ал жас дегеніңіз қашан да жақсыға үйір емес пе. Мұғалімнің мәртебесі өспесе, Исламдай мамандар мектепке келер ме еді. Исламдай мамандар мектепке келсе, білім сапасы неге өспесін. Енді соны күтеміз...