Шығыс Қазақстанда биыл шала туған 322 нәресте тіркелді
17 қараша күні бүкіл әлемде шала туған нәрестелер күні атап өтіледі. Айтулы күнді 2009 жылы Еуропалық жаңа туған нәрестелерді күту қоры (EFCNI) бекіткен. Бұл күннің мақсаты - қоғамның назарын репродуктивті денсаулықты нығайту қажеттілігіне аудару, медицина қызметкерлері мен шала туған балалары бар отбасылардың алдында тұрған мәселелерді шешуге көмектесу. Шығыс Қазақстанда ағымдағы жылдың тоғыз айында 6 285 бала дүниеге келді, оның 322-сі шала туған. 27 нәрестенің салмағы өте төмен - 500-ден 999 грамға дейін болды. Мұндай шараналармен ана мен баланың орталығында орналасқан аймақтың неонаталдық қызметі жұмыс істейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерзімінен бұрын туған нәрестелер көбінде өздігінен дем ала алмайды. Сонымен қатар, шараналардың терісі өте жұқа және нәзік болғандықтан, дене температурасын өздігінен ұстай алмайды. Осы себепті мұндай нәрестелер инкубаторға немесе кювезге орналастырылады, онда оларға қажетті температура мен ылғалдылық қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, шала туған нәрестелер соруды және жұтуды білмейді. Оларды асқазанға және көктамыр ішіне енгізілетін түтік арқылы тамақтандыру керек. Ол үшін арнайы препараттар бар: олардың көмегімен нәресте ақуыздардың, майлардың, көмірсулардың және микроэлементтердің қажетті мөлшерін ала алады. Жалпы алғанда, плацента арқылы анасынан алуға болатын барлық пайдалы заттармен қоректенеді.
Дәрігерлер болашақ аналарға жүктілікті жоспарлауға кеңес береді және өздерінің денсаулығына мұқият қарауды сұрайды. Баланың дені сау және белгіленген мерзімде тууы осы жағдайларға тікелей байланысты.
Айна Ескенқызы