Сауда үйінде «өрт тұтанды» – Өскемен
Фото: gov.kz
Адам көп жиналатын нысандарда төтенше жағдайларға дайын болу үшін ШҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің» қызметкерлері жаттығу жұмыстарын үнемі жүргізіп отырады.
Кезекті жаттығу дайындығын мамандар «Жеңіс 10» сауда орталығында өткізген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Оқу-жаттығудың жоспары бойынша күніне 200-ге жуық адам келетін орталықта электр сымдарының қысқа тұйықталуы себебінен өрт шығып, балқыған пластмасса киімдерге ағып, от жалынын одан әрі лапылдата түскен. Мекеме басшылығы мен қызметкерлер келушілерді эвакуациялап, тиісті орынға өрт туралы хабарлады. Келіп жеткен өрт сөндіруші мамандар ғимарат ішінде қалған адамдарды шығарып, дәрігерлерге тапсырған. Жаттығуға 5 бірлік техника мен жеке құрамның 20-дан астам маманы жұмылдырылған.
Жаттығу адам көп жиналатын нысандарда өртті жою кезіндегі жеке құрамның іс-қимылын пысықтау, мекеме қызметкерлеріне іс-қимыл қағидаларын, құтқару және эвакуациялау тәсілдерін оқыту мақсатында ұйымдастырылды.