Саябақта қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті – Өскемен
![](/kz/uploads/posts/2023-05/dc5cc5f349b465c0ade436a97c2c091c_1280x720-1.webp)
Фото: gov.kz
Халықаралық мұражай күніне орай 19 мамырда Өскемен қаласындағы Қасым Қайсенов атындағы саябақта «Музей түні» акциясы өтті. Саябақтың орталық алаңы мен музей-қорықтың екі ғимаратында бірқатар шара ұйымдастырылған.
Қатысушылар қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесін аралап, шеберлік сағаттарында естелік заттар жасап үйренді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Шара шеңберінде сәндік-қолданбалы өнер шеберлері бұйымдарын ұсынған «Сәндік қолөнер мен кәдесый» атты көрме-жәрмеңке мен мүсіндеу, ши тоқу, айшықты сурет салу бойынша «Шығармашылық қолдар» шеберлік дәрісі өтті. Қолөнермен айналысатын 40 шебер келушілер назарына әртүрлі туынды ұсынып, шеберлік сағатына қатысушылар түрлі бұйым жасап үйренді. Сонымен қатар «Киіз әуені» қолөнер шеберханасының киізден басылған костюмдерінің дефилесі ұйымдастырылды.
Көрме-жәрмеңке мен шеберлік сағатына 1200-ден астам адам қатысты.