Самсоновка ауылында футбол алаңы салынды — Өскемен
Фото: автордікі
1 шілдеде аумақтық жағынан Өскемен қаласына қарасты Самсоновка ауылында футбол алаңы ашылды.
Ауылда биыл шұңқырларды жамау, көшеге қиыршықтас төсеу жұмыстары атқарылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Алаңның жалпы аумағы 595 шаршы метр.
— Шағын аудандарды дамытуға арналған бағдарламаның аясында біз тұрғандармен үнемі кездесеміз. Халыққа не керек екенін білу үшін осындай кездесу өткіземіз. Кейін тағы бір рет кездесіп, сол жыл мен келесі жылы қандай жұмыс атқарылатыны туралы ақпарат береміз. Жобаларды халықпен келісіп ойластырамыз. Тұрғындар былтыр балалар алаңы мен футбол алаңын салуды ұсынды, — дейді қала әкімі Жақсылық Омар.
Алдағы уақытта футбол алаңына жапсарлас орналасқан балалар алаңына қоршау орнату жоспарланып отырған көрінеді.
Былтыр елді мекендерді жарықтандыру жөніндегі бағдарлама шеңберінде ауылдағы Центральная, Степная көшелері, Шоссейный тұйық көшесі мен ауылға кірер жолдың бойына жарық шамдары орнатылды. Осы жылдың тамыз айында Береговая көшесінде жарықтандыру бойынша жұмыс жүргізу ойластырылған.
Ал биылғы жоспарда ұзындығы 550 метр болатын жолды орташа жөндеу, ұзындығы 321 метр тротуар салу көзделген.
Дерекке сүйенсек, “100 күнде 10 000 шұңқыр” жобасының аясында Шешек асуынан ауылға дейінгі жолдағы шұңқырлар жамалған. Шұңқырларлың жалпы ауданы — 862,96 шаршы метр. Сонымен қатар Береговая көшесіндегі ұзындығы 1,7 км болатын бөлікке қиыршықтас төселді.