Өскеменде басқарма басшысының орынбасары кәсіпкерді заңсыз тексерген
Фото: egemen.kz
Кәсіпкерді заңсыз тексерген Шығыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары жауапқа тартылды.
Өскемен қаласының прокуратурасы ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жеке кәсіпкерлік субъектісін заңсыз тексеру фактісін анықтады, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Қала тұрғындары «ADK River» сауда орталығындағы желдеткіштің жұмысына шағымданған. Тексеру нәтижелері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тәуліктің күндізгі және түнгі уақытында желдеткіш дыбысының тиісті деңгейден асу фактілерін анықтап, ҚР ӘҚБтК 425-бабы 1-бөлігімен «АлмаСтор» ЖШС қатысты әкімшілік іс қозғады. Алайда мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен жеке кәсіпкерлік субъектісінің қызметін тексеру заңсыз деп танылып, кейіннен тексеруді тағайындау туралы актінің күші жойылды", - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
Нақты айтқанда, аталған серіктестік - мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектісі емес, сондықтан оның қызметіне араласуға негіз болмаған.
"Сауда орталығының иесі - «ДальПродукт» ЖШС, ал «АлмаСтор» ЖШС нысанның бір бөлігін жалға алған, яғни кәсіпкер тексеру субъектісіне жатпайды. Осындай заң бұзушылыққа жол бергені үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары ҚР ӘҚБтК 175-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды", - делінген ақпаратта.