KZ
Өскемен
-14°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Өскеменде құрылысқа рұқсаты жоқ мердігер үлескерлерден ақша жинап алған

paryz.kz

26.11.2023, 17:30 220 Назерке Каримова

Өскеменде бар қаражатын баспанаға құйғандар әлі пәтер жағалап жүр. Үлескерлердің қаржысын жинап алған мердігер сан сылтау айтып құрылысты созып жіберген. Былтыр пайдалануға берілуге тиіс үйдің тек қаңқасы тұр.

Ал құрылыс басында қарауылдан басқа жұмысшы жоқ дейді жиналғандар. Бұл туралы Altaynews тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Шыдамы таусылған жұрт құйған қаражатын қайтарып беруді талап етуде. Өйткені бұл компанияның үй салу үшін үлескер тартуға рұқсаты болмаған. Айнагүл Сұрағанқызы үш бөлмелі пәтер аламын деп 21 миллион теңгесін салған. Бірақ көпбалалы ананың арманы күн сайын алыстап барады. Өйткені кірпіштен қаланған үйдің құр қаңқасы қалқиып тұр. Құрылыс басында күзеттен басқа тірі жан жоқ.

 «Төрт балам бар. Балалардың аузынан жырып ақша салдым. Қазір үй де жоқ. Шырылдап жүрміз. Қарапайым халық зардап шегіп жатыр. Осыған толық жауап беретін басшылар болса. Осы үйімізді тұрғызып берсін», - дейді Айнагүл Сұрағанқызы.

Баспана былтыр пайдалануға берілуі керек еді. Алайда құрлысы сағызша созылып, мердігер салымшыларды құрғақ уәдемен тойдырып келіпті. Жұрт жалдамалы пәтер жағалап, ай сайын артық шығындалып отырмыз дейді.

Жергілікті әкімдік құрлыстың тоқтап қалуына мердігерді кінәлап отыр. Өйткені құрылыс компаниясы әу бастағы жобадан ауытқып, алты қабаттың орнына жеті қабатты үй салған. Сондай-ақ мердігердің үлескерлерден ақша жинауына да рұқсаты болмаған деп отыр.

 «Бұл құрылысшы үлескерлердің ақшасын құрылысқа пайдалану үшін тиісті рұқсаттамасы жоқ. Сол үшін басқармамен әкімшілік іс қозғалды. 320-баппен. Ол іс сотқа жолданды. Ал сот шешімімен 300 АЕК айыппұл салынды», - дейді ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Самат Қайырдинов.

Салымшыларын сабылтып қойған компанияның басынан қара бұлт арылмай тұр. Осы үйді салу кезінде бір құрылысшы қаза тапқан екен. Қазір бір ай бұрынғы оқыс оқиғаға қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр. Ал шыдамы таусылған үлескерлер мердігерді сотқа беріп, салған ақшасын қайтарып алғалы отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу