Жас сарбаздар Отан алдында ант берді – Өскемен
Өскемен гарнизоны жас сарбаздармен толықты. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуге келген 300-ден аса сарбаздар ант қабылдады.
Қарулы күштердің қатарына іліккен бозбала көпшілік алдында ел қорғауға әзір екендіктерін салтанатты түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Сайдың тасындай қатарда сап түзеген сарбаздар, азаматтық борышын өтеудегі өз міндеттерін салмақты екендігін анық сезінгендей. Оны саптық жүріспен, темірдей тәртіпке ерекше жауапкершілікпен қарағандарынан-ақ байқауға болады.
Отан алдындағы борышын өтеуге кіріскен өрендер еліміздің 9 өңірінен жиналған. Сарбаздар құрлық әскері сапында ел тыныштығын күзетеді. Әзірге жас сарбаздар әскери дайындықтан өтіп жатыр. Осыдан кейін жауынгерлер жалпы бөлімдерге бөлінеді.
Өскеменде өткен шараға әскери қызметшілер, қоғам өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты.