Өскеменде сарбаздар ант қабылдады
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге келген 400-ге жуық сарбаз ант қабылдады.
Ант қабылдау рәсімі Өскемендегі облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында ашық аспан астында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қарулы күштердің қатарына іліккен жас сарбаздар бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-байтақ жері мен елін ақтық демі қалғанша қорғауға салтанатты түрде ант берді. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімімен басталды.
Әскери ант. Офицерлер пәрмені. Бұл жолғы Ант қабылдау рәсімі бұрынғыдан ерекше өтті. Табиғаты әсем, көрсе көзтоярлық жасыл-желектің ортасында мұндай шара алғаш рет өткізіліп отыр. Шараға қатысқан ата-аналар қауымы да өзгеше өткен жиынға тәнті болды.
Шара соңында ата-аналар командирлермен тілдесіп, ұлдарының алдағы қызметі қалай өтетіні жайлы сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Отан алдында адал болу үшін ант қабылдаған сарбаздар алдағы уақытта әскери мерзім аралығында жүктелген аса жауапты міндеттерін атқаруға кірісетін болады.