Өскеменде "Супер ЦОН" салынады
Облыс орталығында азаматтарға ыңғайлы және сапалы қызмет көрсетуге арналған бірегей Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) салынады. Бұл туралы Шығысқа жұмыс сапарымен келген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев айтты.
Мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуға арналған, мемлекетпен өзара іс-қимыл жасай алатын халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Басқарма төрағасы мұндай озық жобаларды жүзеге асыру үшін облыста барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті. Жаңа ғимараттың салынатын орны мен құрылыс барысы мердігерлермен және облыс әкімдігімен талқыланған.
Сондай-ақ ол өңірде тұрғындарға қолжетімді және ыңғайлы болуы үшін бір жерден қызмет көрсету бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Жуырда инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша барлық қажетті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін «Инвестор жолы» қадамдық алгоритмі жүзеге асырылмақ. Облыстағы өзіне-өзі қызмет көрсету орындары мен ХҚКО-лар да табысты жұмыс істеп тұр.
Фото: Аяужан Утеулинова