Өскеменде "Таза ойындардың" екінші кезеңі өтті (видео)
Облыс орталығында «Таза ойындар» акциясының екінші кезеңі өтті. Қоршаған ортаға қомарлық көрсетуге үндейтін шара аясында "Самал" саябағының маңы қоқыстан тазартылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Таза ойындардың» мақсаты - қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Бұл акция былтыр да ұйымдастырылып, жоғары нәтиже берген болатын. Тек биыл жарыс ережелеріне өзгеріс енгізілді.
- Былтыр әр ойын сайын жүлде қорын тағайындап, бір ғана турдан өткізсек, осы жылы тазалық акциясы үш кезеңге бөлінді. Осы үш кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтап, жүлде қорын табыстаймыз. Үшінші кезеңнің өтетін жерін тұрғындардың өтініштерін ескере отырып таңдайтын боламыз, - дейді Өскемен қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының директоры Бақытжан Ерболқызы.
«Таза ойындар» акциясының бірінші кезеңіне сегіз команда қатысып, 530 қап қоқыс жинаған еді.
- Осымен үшінші рет қатысып отырмыз. Алғашқыда бірінші орынды жеңіп алсақ, екіншісінде үшінші оынды иелендік. Осы жолы да жеңіске жетуге үлкен мүмкіндік бар. Себебі бірінші кезең бойынша 50 ұпай айырмасымен көш бастап тұрмыз. Бұл акцияның жастар үшін маңызы зор. Қоқыстарды жинап, қала келбетін қалыптастыруға үлес қосамыз, - дейді белсенді қатысушысы Ерсін Болатұлы.
Екінші кезеңге алпыстан астам адам қатысты. Қорытынды есеп үшінші кезеңнен кейін есептеледі.
Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне сыйақы табысталатынын тағы да естеріңізге саламыз.