Өскемен жайлы қалаға айналып келеді
Қала тек үйлермен жолдардан тұрмайды. Ол адамдардың өмір сүретін, балалардың күлетін, қарттардың тынығатын, жастардың армандайтын ортасы. Соңғы үш жыл ішінде Өскемен шаһары түрленіп, ескі үйлердің қасбеті жөнделіп, аулалар абаттандырылып, балалар алаңдары орнатылды, қоғамдық кеңістіктер жаңғыртылып, жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар кеңейді. Бұл тек шаһарды көріктендірумен қатар жайлылыққа жасалған инвестиция, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аулалардағы өзгерістер: сандар сөйлейді
2023 жылы алғаш рет «100 аула» жобасы аясында 100 аула учаскесі орташа және ағымдағы жөндеуден өтті.
2024 жылы облыс орталығында 38 аула жаңартылды. Оның ішінде 20 аула – кешенді түрде абаттандырылды, 14-іне – балалар ойын алаңдары, үш аулаға – футбол алаңы орнатылды. Жөнделген аумақтарда балалар алаңдары орнатылып, жарықтандыру жүйесі жаңартылып, демалыс аймақтары пайда болды.
Ал биыл шаһардың 40 ауласы жөнделіп, абаттандырылып жатыр. Айта кететін маңызды мәселе, облыс орталығының келбетті болуына тұрғындар да атсалысып, жаңғыртуды қажет ететін аулаларды «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы өздері де ұсынған. Бүгінгі таңда 16 аула толықтай кешенді абаттандырылды (оның ішінде 10-ы тұрғындардың бастамасы бойынша), 16 ойын алаңы, тоғыз спорттық нысан бой көтерді. Қазір 37 аулада жұмыстар әлі жалғасып жатыр, аулаларға 17 сәндік кіші архитектуралық жиынтық орнатылған, 3000 шаршы метр брусчатка төселіп, 5000 м² футбол алаңдарының негізі дайындалған.
Аулаларды көркейту тек балаларға арналған алаңмен шектелмейді. Қаланың басты мәселелерінің бірі – көпқабатты үйлер арасындағы жолдардың тозуы болатын. Бұл бағытта 2025 жылы 400 млн теңге бөлініп, 37 000 м² асфальт төсеу жоспарланды. Шілде айының соңына қарай сегіз ауланың жолы жөнделіп,17 000 м² жаңа жабын салынды. Сонымен қатар, 2 000 м² көлемінде шұңқырларды жөндеу жұмыстары атқарылды.
Қоғамдық кеңістіктер – қаланың жүрегі
2025 жылы қала тек аулалармен шектеліп қалған жоқ. Облыс орталығының басты көшелері мен қоғамдық кеңістіктері де қайта жаңғырды. Жеңіс даңғылы мен Сәтпаев көшесінде көпқабатты үйлердің қасбеттері жарықтандырылып, кешкі қаланың көркі кірді. Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы жанындағы аумақ жаңаша тыныс алмақ. Бұрын тек ғимаратпен шектелген мәдениет кеңістігі енді ашық аспан астындағы демалыс орнына айналады. Жоба аясында екі субұрқақ қарастырылған және сквер салынып жатыр. Болашақта мәдени және қоғамдық өмірдің маңызды нүктесіне айналатын орын тек сквермен шектелмей, филармонияның қосалқы нысандары да жаңартылып, концерттер өтетін көшелік сахна орнату жоспарланып отыр. Яғни, енді музыка тыңдау үшін ғимаратқа кірмей-ақ, ашық аспан астында да мәдени сәттерге куә болуға мүмкіндік бермек.
Жоба аясында 3453 шаршы метр жерге тас төселіп, 4339 шаршы метр көгал егілді. Скверге 2900 шаршы метр брусчатка төселіп, жарықтандыру және суару жүйелері тартылды. Гранит плиталар, гүлсауыттар, орындықтар, қоқыс жәшіктерін орнату қарастырылған.
Қазақстан көшесі – Өскемен шаһарының жүрегі іспетті. Қаланың қозғалысы ең тығыз бұл бөлігінде енді көлік пен адам тірлігі үйлесім табатын жаңа демалыс аймағы бой көтеріп келеді. Жаңа демалыс орны тек көгалдандырумен шектелмей, жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіз өтпе жолдармен, көлік тұрақтарымен және демалуға лайық инфрақұрылыммен қамтылмақ. Осы мақсатта 2200 м² тротуарлық плитка төселді, сегіз орындық, шағын архитектуралық формалар мен жарық шамдары орнатылмақ. Бұл нысан да тұрғындар жиі келетін жаңа мекенге айналуға тиіс.
Жоба аясында Қазақстан, Пермитин және М.Горький көшелерінің бойында үш сектордан тұратын демалыс кеңістіктері қарастырылған. Әрбір учаске — көпшілікке ыңғайлы шағын аула форматында: ағаш отырғызу, көлеңке беретін құрылымдар, жаяу жүргінші жолақтары мен тұрақ орындарын біріктіреді.
Бұл көрнекі абаттандырумен қатар, адам тұрмысының тиімділігіне бағытталған нақты урбанистік шешім. Қала басшылығының басты талабы – құрылысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау. Жаңа кеңістік ашылғанда, ол қала тұрғындарының күнделікті өміріне жайлылық қосып, Өскеменнің заманауи бейнесін толықтырмақ.
Көпірасты – жастар мекеніне айналды
Өскеменде Пермитин көшесінен Славский атындағы жағалауға дейінгі көпір асты кеңістігі адам танымастай өзгерді. Бұрын елеусіз қалған бұл аумақ қазір заманауи демалыс аймағына айналып, қала тұрғындарының сүйікті орнына айналуда. Серуендейтіндер мен спортпен айналысатындар саны күн санап артып келеді.
Бұл жобаның ерекшелігі – тек қаланың көркін келтіру емес. Урбанистикадағы халықаралық тәжірибеге сүйенсек, әлемнің ірі қалаларында көпір астындағы кеңістіктер бейформал мәдениет ошағына, жастардың бас қосатын қауіпсіз әрі тартымды мекеніне айналған. Өскемен де осы үрдісті ілестіріп, уақыт талабына сай келетін қоғамдық орынды тұрғындарға тарту етті.
Абаттандырылған аумақтың жалпы көлемі – 2300 шаршы метрден асады. Мұнда сегізбұрышты ринг, спорттық жаттығу алаңдары, тренажерлар, турник, үстел теннисі, велотұрақтар мен киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Демалушыларға арналған сәкілер мен шағын сәулеттік формалар да орнатылған. Қауіпсіздік үшін сегіз бейнебақылау камерасы жұмыс істейді.
Айта кетерлігі, көпір асты аумағы қала балансына берілді. Алайда мұнда шағын және орта бизнес өкілдері де өз істерін жүргізе алады. Қала әкімінің айтуынша, байқау негізінде кәсіпкерлерге үш жылға жер телімі жалға беріледі. Алайда сауда жүргізуде мәдениеттілік пен тәртіп қатаң сақталуы тиіс.
Жаңа қоғамдық кеңістік – жай ғана демалыс орны емес, жастарға арналған белсенді өмір салтын ұстануға шақыратын тағы бір тартымды мекенге айналды.
Жол – тіршілік күретамыры
Бүгінде Өскемендегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 800 шақырымға жуықтаса, соның тек жартысы ғана – 400 шақырымы асфальтбетонмен жабылған. Сондықтан да жол сапасын жақсарту – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе.
2025 жылы қала бойынша орташа жөндеу 35 учаскеде жүргізілмек. Бұл – шамамен 21 шақырым жол. Аталған мақсатқа 3,86 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлініп, жұмыс қызу қолға алынды. Қазіргі таңда 34 учаскенің 23-інде жөндеу аяқталып, бұл жоспарланған көлемнің 67 пайызын құрап отыр. Тағы үш жерде құрылыс-монтаж жұмыстары мәресіне таяп қалса, қалған сегіз учаскеде жұмыс алдағы аптада басталмақ.
Асфальт төселген жолдармен қатар қиыршық тасты жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Биыл жыл соңына дейін 46 шақырымға қиыршық тас төсеу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл жұмыстың 63 пайызы, яғни 29 шақырымы аяқталған.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін тротуарлар да салынуда. Жыл басында 9,6 км жаяу жүргіншілер жолын салу көзделсе, қазіргі күні оның 2,4 км-і дайын.
Сонымен қатар, шұңқырларды жамау жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. 42 100 шаршы метр жол жабынын жөндеу жоспарланып, бүгінде 32 мың шаршы метрі (76%) қалпына келтірілді.
Барлық атқарылып жатқан шаралар – тұрғындардың өмір сапасын арттырып, қала жолдарының қолайлы әрі қауіпсіз болуына бағытталған игі қадамдар.
Қасбеттер – қаланың көркем келбеті
Қаланың сәулеті – оның айнасы. Әсіресе, көпқабатты үйлердің сыртқы көрінісі шаһардың жалпы ажарына ерекше реңк береді. Бұл бағытта Өскемен қаласында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
«100 фасад» бағдарламасы аясында 2023 жылы 34 үйдің сырты жаңғыртылса, 2024 жылы 9 көшеде орналасқан 40 тұрғын үйдің қасбеті ретке келтірілді. Мұның бәрі қаланың бірегей архитектуралық келбетін қалыптастырып, тұрғын үйлердің энергия тиімділігін арттыруға бағытталған.
Қазір Назарбаев даңғылы бойындағы 14 көпқабатты үйге күрделі жөндеу жұмыстары басталып, бірқатар нысандарда негізгі құрылыс процестері қызу жүріп жатыр. Бұл – тек сырлау немесе сәндеу емес. Фасад беттерін тазалап, тегістеу, ауа райына төзімді сылақ қабатын қалпына келтіру, арнайы бояулармен сырлау – мұның бәрі заманауи талаптарға сай жүргізілуде. Су ағызу құбырлары жаңартылып, балкон қаптамалары мен кондиционерге арналған ойықтар да жаңаша үлгіде жасалуда.
Қасбеттердің түс гаммасы қала сәулетшілерінің ұсыныстары мен тұрғындардың пікірін ескере отырып таңдалады. Әрбір нысанның техникалық ерекшелігі мен жағдайы ескеріліп, құрылыс нормалары мен ережелері қатаң сақталады.
Мәселен, Әуезов даңғылы 49 Б және Нұрмағамбетов көшесі 52, 55 мекенжайларындағы үйлерде жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұл жерде фиброцементті панельдер орнатылып, балкондар жарықтандырылады, кондиционерлер үшін арнайы қаптама қарастырылған. Сондай-ақ, жаңбыр суағарлары да толық ауыстырылмақ.
Аталған нысандардағы құрылыс жұмыстарын «Иртыш Курылыс» және «КазКурылысГруп» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атқарып жатыр. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың 17 қыркүйегіне дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Қала қасбеттерінің жаңаруы – эстетикалық өзгеріс әрі үйлердің жылу ұстау қабілетін арттырып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға жасалған нақты қадам.
Бұл бастамалар қаланың заманауи және үйлесімді келбетін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, жаңартылған үйлердің энергетикалық тиімділігі артып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсара түспек.
Шешек демалыс орны сенімді басқаруға беріледі
Өскемен қаласындағы көрікті Шешек асуында жаңадан ашылған демалыс орнына алдағы уақытта жаңа тыныс берілуі мүмкін. Қала билігі бұл нысанды жеке кәсіпкердің сенімді басқаруына беруді жоспарлап отыр. Кімге тапсыру керектігі ашық конкурс нәтижесінде анықталады.
– Бұл қадам демалыс орнын әрі қарай дамытудың тиімді жолы. Ең бастысы – бюджет қаржысын жұмсамай-ақ, инфрақұрылымды ұстау мен қызмет көрсету сапасын жақсарту мүмкіндігі туындайды, – деді Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышев.
Қазіргі таңда демалыс орнын абаттандыру жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, сәкілер, мангал аймағы, балалар алаңы, воркаут-аймақ, автотұрақ, алтыбақан, демалуға арналған орындықтар мен қоқыс жәшіктері, санитарлық тораптар толық орнатылған. Жоғарғы төбе басында арнайы фотоаймақпен жабдықталған шолу алаңы да бар.
Алайда бұл – жобаның алғашқы кезеңі ғана. Алда атқарылар іс әлі де көп.
Қазіргі таңда шешімін табуы тиіс басты мәселе – электр қуатын тарту. Электр энергиясы тартылған соң, демалыс орны тәулік бойы қолжетімді болмақ. Сонымен қатар бейнебақылау жүйесін іске қосуға да мүмкіндік туады.
Табиғат аясындағы тыныштықты қалайтын тұрғындар үшін Шешек асуы жаңа тартымды мекенге айналуда. Жобаның кәсіпкерлік тұрғыдағы әлеуеті жоғары. Сол себепті сенімді басқаруға беру – нысанның дамуына серпін бермек.






