19-шағынаудан үйлеріндегі мәселе шешімін табады - Өскемен
Фото: 2gis
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышев 19-шағынаудан тұрғындарымен кездесті. Жиынға ондаған тұрғын қатысып, көпқабатты үйлердің қазіргі жағдайына байланысты бірқатар мәселені ортаға салды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, бұл үйлер бірнеше жыл бұрын ғана пайдалануға берілгенімен, қазірдің өзінде түрлі ақаулар байқалып отыр. Ең алдымен, шатырлардың сапасыздығы – басты мәселе. Жауын-шашын кезінде шатырдан су ағып, пәтерлерге залал келтіреді. Бұдан бөлек, үйлердің сырты да тым ерте ескіріп, қасбеті қопсып, ажары қашқан.
Кездесу барысында жерасты суларының әсерінен жертөлелерді су басатыны айтылды. Дренаж жүйесінің болмауы жағдайды ушықтырып отыр. Тұрғындар мұндай олқылықтың тек үйдің емес, жалпы аумақтың санитарлық жағдайына кері әсерін тигізіп отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ тұрғындар аумақта қаңғыбас иттердің көбеюі де алаңдататынын айтты. Бұл әсіресе балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Әкім Алмат Ақышев барлық өтініш-шағымды мұқият тыңдап, бірде-бір мәселе ескерусіз қалмайтынын айтты. Оның сөзінше, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берілді. Арнайы комиссия құрылып, барлық үйлердің техникалық жағдайы тексеріледі. Комиссия қорытындысына сәйкес, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының жоспары жасалады.
Елизавета Седых