ШҚО әкімі Тарбағатай ауданының тұрғындарымен кездесті
Фото: Шығыс ақпарат
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Тарбағатай ауданының тұрғындарымен кездесіп, бірқатар азаматты жеке мәселесі бойынша қабылдады.
Тарбағатайлықтар «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған үйлердің сапасыздығы туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Өңір басшысына бензиннің бағасын өскені туралы да айтылды. Сондай-ақ тұрғындар аудан орталығына су желісін салу қажет екенін жеткізді. Қазір ақжарлықтар жер асты суларының ластануына алып келетін қолдан жасалған суағарларды пайдалануда.
Аудан тұрғындары лагерьге жаңа жатақхана салуды сұрады, өйткені ескі ғимарат апатты жағдайда тұр.
Ал азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдау кезінде тұрғындар Қандысудың апатты жағдайына қатысты өзекті мәселені көтерді. Су қойманың апатты жағдайда болуы аудандағы жерлерді игеруге кедергі келтіріп отыр екен. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізуде.
Ауданның театр труппасы да аймақ басшысымен кездесіп, гастрольге шығу үшін шағын автобус және театр орындықтарын сатып алу қажет екенін айтты. Сонымен қатар ауданда оқушылар сарайын салу туралы бастама көтергендер де болды.
Облыс әкімі айтылған мәселелер тиісті ведомстволарға берілетінін, олардың шешім қабылдауын бақылауда ұстайтынын айтты.