Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық артып келеді
Фото: Shutterstock.com
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды.
Үкімет отырысында туризм саласындағы қазіргі жағдай және саланы дамыту бойынша алдағы атқарылатын шараларды жүзеге асыру барысы қаралды, деп хабарлайды Altaynews.kz Премьер-Министрдің ресми сайтына cілтеме жасап.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пандемияның ауыр зардаптарына қарамастан, өткен жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстандағы туризм қалпына келгенін мәлімдеді. Ішкі туристер саны 25%-ға өсіп, 8,6 млн адамға жеткен, бұл пандемияға дейінгі деңгейден 2 млн-ға жуық адамға жоғары. Сондай-ақ өткен жылы Қазақстанға 1 млн-ға жуық шетелдік турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,4 млн адамға дейін артады деп күтіліп отыр. Бұл шетелдік қонақтардың Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Премьер-Министр туризм саласының көптеген әлем елдері үшін негізгі табыс көзі болып саналатынын, сондықтан да оның даму болашағы өте жоғары екенін айтып өтті. Осы саланы жандандыру және оған жүйелі түрде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін тиісті заңнамалық түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, Туристік саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітіліп, республикалық және өңірлік деңгейдегі Туристификация карталары дайындалды.
Сонымен қатар шетелдік туристерге салықты қайтарудың әлемдік «Tax free» тәжірибесі енгізілді. Туристер Қазақстанға визасыз келе алатын мемлекеттер санын кеңейту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді.