Жаңа Telegram-бот қазақша аудионы мәтінге айналдырады
Фото: egemen.kz
«Тіл-Қазына» орталығының бағдарламашылары жаңа Telegram-бот әзірледі. Боттың ерекшелігі – озық технологиялар негізінде сөйлеуді танып, оны қатесіз жазып береді.
Жобаны түрлі бағытта қолдануға болады. Мәтіндердің аудиосын енгізіп, жазба нұсқасын шығарып алуға болады, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қолданба – медиа саласындағы кәсіби мамандарға, журналистерге, студенттерге таптырмас құрал. Құралға дауыстық жазба, аудиоматериал енгізгенде жылдам әрі қатесіз мәтінге айналдырып береді. Жобаны әзірлеген бағдарламашылар тобы әрдайым боттың жұмыс істеу қабілетін арттыру үшін техникалық жетілдіру жұмыстарын жүргізіп отырады.
Түрлі форматтағы mp3, wav, mp4 аудиоматериалдарын файл түрінде енгізуге мүмкіндік болады. Сондай-ақ жуық арада жобаның веб-нұсқасы да шығып қалады. Яғни мобильді құрылғы арқылы ғана емес, веб-интерфейс арқылы да жұмыс істей алады.
Жобаның веб-нұсқасы аудиоматериалдарды мәтінге айналдыруда өте ыңғайлы.
Қолданушылар көлемді аудио енгізіп, аудиоларды қажетті формаға ауыстыру үшін интонация өзгерту, жылдамдығын түзету сынды қосымша өңдеу жұмыстарын жасай алады.