KZ
Өскемен
-10°
небольшая облачность жел 2 м/с, С
524.02 545.19 5.09

Таудан биік не бар: ШҚО-ның жас спортшылары биік шыңдарды бағындыруда

Фото: pexels.com

Бүгін, 20:30 45 Гульжан Мусина

Жас спортшылар Никита Власов пен Кирилл Шумихин Алматы маңында өткен дәстүрлі Қазақстан чемпионатында бірнеше жүлделі орындарға ие болды. Олар Өскемен қаласында танымал альпинист Вячеслав Орловтың жетекшілігімен жаттығады. Вячеслав Орлов – «Эверест» және «Ирбис» клубтарының бас жаттықтырушысы, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Альпинизм және жалпы тау туризмі Шығыс Қазақстанда көне әрі мықты дәстүрлерге ие. Облыс құрамасы әртүрлі жас ерекшеліктері бойынша кез келген деңгейдегі жарыстарда жоғары орындарды тұрақты түрде иеленеді.

Білуімізше, кез келген спорт түрінің дамуына оның аймақтағы өз мектебінің болуы үлкен рөл атқарады. Олимп шыңын бағындыру жолы көбінесе балалық шақтан басталады, бұл жас спортшылардың жаттығуларына қатысқанда айқын байқалады.

БИІККЕ ӨРМЕЛЕУ

«Эверест» және «Ирбис» клубтарының жаттығулары Мұхтар Әуезов атындағы №17 мектепте орналасқан скалодромда өтеді. Бұл жерде кешкі уақытта бір-бірінен кейін өтетін екі сағаттық жаттығулар жүргізіледі.

Балалардың тік қабырғаға өрмелеп, жаттығуға қалай ықыласпен кіріскенін көру өте қызық.

– Бізде, бәлкім, ерекше спорт түрі шығар, – дейді Вячеслав Орлов. – Бұл ерлік, төзімділік, физикалық және моральдық дайындықты, күш-жігер мен рухты талап етеді. Егер біреу оны өзіне таңдайтын болса, бұл спортта өмір бақи қалады.

Қосарымыз, жаттығуларда үлкендер мен балалардың ерекше атмосферасы қалыптасқан. Алдымен қыздырыну, шеңбер бойымен жүгіру, содан соң швед қабырғасында жаттығулар, кейін өрмелеу дағдыларын жетілдіру. Көзге ерекше түсетіні, балалар мен жастар бір-бірін арнайы арқанмен және жабдықпен үнемі қауіпсіздік шараларын жасап, сақтандырады. Бұл, бәлкім, ең маңызды дағды, себебі таулар мен жорықтарда өзара көмек пен сақтандыру өте маңызды, тіпті бәрінен маңызды.

– Бүгін балалар мен жастардың не істеп, қайда баруға болатындығы туралы үлкен таңдауы бар, – дейді жаттықтырушы. – Бірақ әркімде бұл жаттығуларды, секцияларға немесе үйірмелерге баруды төлеуге мүмкіндік бола бермейді, әсіресе бір отбасында бір емес, бірнеше бала болса. Бірақ бізде секциядағы сабақтар мен жаттығулар тегін өткізіледі.

Жаттықтырушының айтуынша, жабық ғимараттағы дайындық курсы қатарында Промбаза, Ескі Согра жаққа шығулар ұйымдастырылады. Тау шыңдарына шығуға қажетті дағдыларды нақты жағдайда үйрену үшін тауларда жаттығулар өткізіледі, ал ШҚО-да олар өте көп.

Альпинизмде, басқа спорт түрлерінде сияқты, әртүрлі талғамдар да болады.

– Маған мұзда өрмелеу жаттығулары көбірек ұнайды, – дейді Никита Власов. – Осы салада мен өзімді жеңіл сезінемін, қиындықтарға қарамастан.

Ал оның клубтасы әрі ШҚО командасының мүшесі Кирилл Шумихиннің басқа күшті жақтары бар.

– Мен, керісінше, жартаста өрмелеуді таңдаймын, – дейді Кирилл Шумихин. – Бұл салада мен жақсы нәтиже көрсетемін, бірақ жалпы алғанда, біз көп нәрсені білуіміз керек, бәріміз бір команда болып жұмыс істеуіміз қажет.

Ертеректе әскерилер сенімді достар туралы айтқанда, олармен бірге барлауға баруға болады деп айтатын. Бүгінгі бейбіт уақытта адамның бір-біріне деген шексіз сенімінің символы – бірге тауларға шығуға дайын болу, әрі сәтті, аман-есен оралу.

ДЕНСАУЛЫҚҚА АСА ПАЙДАЛЫ

Жаттықтырушының айтуынша, жартақсқа өрмелеу тек спорттық нәтижелерге ғана емес, сонымен қатар денсаулықты сақтау мен салауатты өмір салтына баулу, туған өлкесінің табиғатын зерттеу, сондай-ақ қазіргі уақытта әлемде танымал болып келе жатқан тау туризмін дамыту үшін маңызды.

– Біз Риддерге жиі саяхаттар ұйымдастырамыз, – дейді Вячеслав Орлов. – Онда бірнеше қызықты маршруттар жасалған, арнайы кіру шектеулері жоқ, әрі облыс орталығына жақын орналасқан. Сонымен қатар біз Катонқарағай ауданында Бүркіт тауының айналасында альпиниада өткізу жұмыстарын қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатпен біз Ұлттық парк басшылығымен мәселелерді шешуге тырысып жатырмыз, өйткені бұлар – ерекше қорғалатын аймақтар. Олардың тарапынан да түсіністік пен қызығушылық бар.

Альпинизм энтузиастары және туған өлкесінің патриоттары ретінде олар Шығыс Қазақстанның тау туризмін дамыту үшін ең жақсы жағдайларға ие екеніне сенімді.

Бір кездері Вячеслав Орлов Қырғызстанда жұмыс істеген, онда альпинизм тәуелсіз туризм саласы ретінде әлдеқашан алға шыққан. Сонымен қатар, ол Ресейде ірі жарыстарға қатысып, ресейлік альпинистердің ШҚО-дағы шыңдарға шығу үшін жиі келетінін атап өтті. Әлемде көптеген елдер бар, олар Шығыс Қазақстан сияқты табиғи байлықтарға, дәстүрлер мен әлеуетке ие емес. Альпинизм – бұл біздің өңірде мақтан тұтып, мүмкіндігінше дамытатын тағы бір бренд.

КІШКЕНЕ ЭВЕРЕСТ

Жастарды тәрбиелеу жолындағы ұстаздық қызметімен қатар, Вячеслав Орловтың басқа да көптеген таланты бар. Ол бір кездері қолмен жұмыс істеп, тұрақты табыс әкелетін мамандық иесі болу үшін дәнекерлеуші мамандығын меңгерген. Кейінірек суға сүңгу мамандығын игеріп, Каспий теңізінде осы салада жұмыс істеген. Сондай-ақ, оның өнеркәсіптік альпинизм саласындағы тәжірибесі бар, бұл да әркімнің қолынан келе бермейді. Әрине, альпинистің өмірбаянында Қазақстан мен көрші елдердің әртүрлі шыңдарына көтерілу тәжірибесі бар. Вячеславтың қызметтік тізімінде Алтайдың ең биік шыңы – әйгілі Мұзтау көп мәрте бағындырылған.

Бұл таңғажайып тау өзінің ерекше энергетикасымен жыл мезгіліне қарамастан адамдарды тартып тұрады. Сондықтан оны «күш орны» деп атайды, ал кейде «кішкентай Эверест» деп те атайды – ауа-райы жағдайлары мен күрделі маршруттары үшін.

Өзінің «Altaү-pro» компаниясының аясында Вячеслав Орлов туған өңірінде туризмді дамыту мақсатында жұмыс істейді. Мысалы, мемлекеттік бизнес қолдау бағдарламасының бірін пайдаланып, Вячеслав шағын грант ұтып, өз шығармашылық идеяларын туризмді дамыту мен осы салаға қызығушылықты арттыру үшін ілгерілетумен айналысты. Мұнда елеулі жетістіктерге жету үшін үлкен инвестициялар мен дамыған инфрақұрылым қажет.

– Өткен жылдары бірқатар кезеңдерден тұратын жобаға қатысу есте қалды, – деп еске алады Вячеслав Орлов. – Мұзтаудың етегінде, Рахман қайнары аймағында екі топ туристер мен қонақтардың қатысуымен маршруттар өтті. Бір топ тау шыңына көтеріліп, табысты әрі сәтті аяқталды. Мұның бәрі альпинистердің әлемдік деңгейдегі мамандары Мақсұт Жұмаев, Василий Пивцов және басқа әріптестерінің қатысуымен дайындықтың мұқият жүргізілуінің арқасында мүмкін болды. Іс-шара Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы өкілдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

– Белуханың шыңына шыққан әр адам ол жерден мүлде басқа күйде қайтады, – деп атап өтті сол кезде Вячеслав. – Бұл өңірдің энергетикасы осындай!

Қоса кетейік, біздің кейіпкердің түп-тамыры Катонқарағайдан шыққан. Осы жерден туған жерге деген сүйіспеншілік пен туризмді дамытуға және насихаттауға өз үлесін қосуға деген ықылас туындаған.

ҚОЛҒА – ҚОЛ

Өздерінің идеяларын жүзеге асыру үшін энтузиастар бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл мақсатта олар Ұлттық парктің, «Катонқарағай ауданының тұрақты даму қоры», жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастық орнатқан. Өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жергілікті халықпен байланыстарды нығайтуға көңіл бөлінуде, өйткені жергілікті тұрғындар аймақты жақсы біледі, аттармен жұмыс істей алады және туристер мен демалушыларға осы бағытта қызмет көрсету тәжірибесіне ие.

– Қай жерде жұмыс істесек те, бізге әрқашан жергілікті жерде сенімді серіктестер қажет, оларға сенім артуға болады, – дейді Вячеслав Орлов. – Ал жергілікті тұрғындарға бұл отбасылық бюджетке қосымша табыс көзі болар еді. Аттар болғаны жеткіліксіз, олар дұрыс дайындалған болуы керек. Сонымен қатар, арнаулы ер-тоқым, ат әбзелдері, жүк тиеу құралдары болуға тиіс, ал аттар аз тәжірибелі серіктерді тасымалдауға үйретілген болуы қажет. Бұл туризм үшін маңызды көптеген басқа да мәселелерге қатысты.

Әртүрлі маршруттар бойынша базалық лагерге жетпес бұрын көп жолды өту қажет.

Ең алдымен, бұл тау туризмі мен альпинизмнің басқа спорт түрлері мен демалысқа қарағанда ерекшеленетін басты аспектісі. Көп нәрсе ауа райына, жыл мезгіліне, инфрақұрылымға байланысты. Бұл стадионда немесе спорт залында өткізілетін жаттығулар емес, бұл экспедициялар, онда көп нәрсені алдын ала ойластыру қажет. Көлік, жеткізу мәселесінен бөлек, тамақтану, лагерь құрылысы, тұрғын үй, жабдық, киім, байланыс, нұсқаушылар қызметі, медициналық көмек мәселелерін шешу керек. Қазіргі заманғы палаткалар, тау таяқтары, киімдер мен керек–жарақтар әлемдік стандарттарға сай жоғары сапалы.

Сонымен қатар негізгі бағдарламаны орындау қажет, қатысушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып. Соңында, өз арманыңызды жүзеге асырып, көптеген жағымды эмоциялар алып, шығармашылық шабытқа қуат жинау керек. Себебі, әрбір тау шыңын бағындыру, саяхат кино, кітап, қызықты әрі пайдалы жолсапар очерктерінің тақырыбына айналуы мүмкін, олар басқалар үшін де пайдалы әрі қызықты болар еді.

Мейір Тоқабаев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу