Шығыс Қазақстан облысының кітапханашылары бірегей жобаны іске асырды
Шығыс Қазақстан облысының А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханасы өз бастамасымен «Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» атты бірегей жобаны іске асырды. Бұл жобаның аясында оқырмандар үшін қызықты аңыздар мен ертегілерді жинау және жариялау бойынша үлкен жұмыс атқарылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Интернет-порталдың https://anyz.pushkinlibrary.kz мақсаты – өлкенің халық мәдениеті туындыларын, сақтау және дәріптеу. Жобаның мақсаты – Шығыс Қазақстан облысына байланысты халық арасында сақталған аңыз-әңгімелерді жинақтау, сақтау және дәріптеу.
Анықтама-библиографиялық бөлім қызметкері Жайлыбаева Меруерт жоба туралы толығырақ таныстырды, ал С. Аманжолов атындағы ШҚ университетінің оқытушысы, қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты Келгембаева Бақытжан өлкеміздегі аңыз-әпсаналар туралы, олардың жас ұрпаққа берері туралы айтып өтті. Порталды жасау барысында түрлі дереккөздерден аңыз-әпсаналарды жинау мен оларды аудару бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Порталдағы барлық материалдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған.
Порталдың әрбір пайдаланушысы қандай да бір аңыз желісімен сурет салу, Шығыс Қазақстанның әсем жерлеріне жасаған саяхат әсерлерімен бөлісу, облысымыздағы қызықты жерлермен байланысты авторлық аңыз жазу арқылы жобаның бірлескен авторы да бола алады. Интернет-портал тұсаукесері өткенде келушілер назарына осы аңыз-әпсаналар желісімен жергілікті суртшілер және олардың шәкірттері салған суреттер көрмесі де ұсынылған болатын.
Республика және бүкіл әлем көлемінде ішкі және сыртқы туризмге деген қызығушылық артқан уақытта аталған ресурсқа шексіз қолжетімдікті қамтамасыз ету маңызды. Портал бейімді дизайнға ие, материал экранның ені мен биіктігіне икемді түрде бейімделеді және компьютерде, планшетте, смартфонда да жақсы көрінеді. Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналарын бір жерге жинақтаған интернет-портал ежелгі ақиқат пен заманауи технологияны, ұрпақ сабақтастығы мен жаңа идеяларды біріктіре отырып, киелі де таңғажайып өлкемізбен жақын танысуға мүмкіндік береді.
Бұл – Шығыс Қазақстанның халықтары ежелден осы өңірде өмір сүріп, ұрпақтан ұрпаққа жеткен көптеген аңыздардың бірі ғана. Жоба идеясы 2017 жылы пайда болды. Алдымен бұл «Шығыс Қазақстанның тарихи-мәдениеттану» вебсайтының «Алтай аңыздары» бөлімі ретінде басталды. Кітапханашылар мен өлкетанушылар әртүрлі әдебиеттер мен дереккөздермен жұмыс істей отырып, Шығыс Қазақстанның шығу тарихы мен осы жерлерде ертеде өмір сүрген кейіпкерлер туралы аңыздар таба бастады.
Жобаның жүзеге асырылуына қаржы аз бөлінді: тек интернет-порталдың әзірлеуіне 280 мың теңге бөлінген. Негізгі ресурстар — кітапхана қызметкерлерінің өлкетанушылыққа деген ынтасы мен келешек ұрпақтарға осы құнды аңыздарды қалдыруға деген құштарлығы болды.
Алдымен баспа дереккөздеріне – кітаптар, журналдар мен газеттерге жүгінді. Пушкин кітапханасында бұл ресурстар жеткілікті болатын. Бірақ кітапханашылар тек өз қорларымен шектелген жоқ. Олар Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің әріптестерімен бірге жергілікті зерттеушілердің жазып алған аңыздарымен танысты.
Аңыздар мен ертегілерді жинау жұмысы соншалықты қызықты болды, зерттеушілер бұл тақырып бойынша бар әдебиетті, баспасөзді зерттеп, өздерінің туған өлкесінде экспедицияларға шығып, жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, аңыздарды жазып ала бастады.
Жинақталған материалды кітапханашылар қазынаға сақтап қалмады, керісінше оны халықпен бөлісу үшін интернет-портал құрды. Бұл портал үш тілде жұмыс істейді, онда қазірдің өзінде 70-ке жуық аңыз жарияланған. Оларды оқырмандар https://anyz.pushkinlibrary.kz сілтемесіне кіріп оқи алады.
Ел мен жердің тарихынан тағылым алып, өнеге өрген өлкеден аңыз ғибратын ұғынудың өзі бір ғанибет. А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» жинағының тұсаукесері өтті. «Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» жинағына Шығыс Қазақстанның өзен-көл, тау аталауларының шығу тарихы туралы топонимикалық аңыздар, киелі орындар мен тарихи тұлғалар жайлы аңыздар, ертеде өлкемізде өмір сүрген ғажайып та сиқырлы кейіпкерлер жөніндегі әпсаналар енген.
Әсіресе, Катонқарағай өңіріндегі жайлаудың Алтықыз атануы, Ертіс пен Үлбінің айнымас махаббаты, таудың «Алтай» аталу себебі, Қандысу өзенінің тарихы сынды өлкемізге қатысты көптеген аңыздар кез келген оқырман үшін өте қызықты деп ойлаймыз.
Жинақтың құрастырушысы - өлкетанушы, «Мәдениет саласының үздігі», «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгілерінің иегері Зиза Слямова Шығыс Қазақстанның тарихи мұрасын ұзақ жылдар бойы зерттеп, сақтаумен айналысып келеді.
Аңыздардың үш тілде шығарылуы ішкі-сыртқы туризмнің дамуына оң әсерін тигізіп, ақпаратқа деген қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Зиза Мұхтарханқызы өз сөзінде мәдени мұраны сақтау мен жастарды туған ел аңыздарын зерттеуге тартудың маңыздылығына тоқталды. Шараға қатысушылар өлкенің тарихы мен болмысын тану үшін топонимикалық зерттеулердің маңыздылығын талқылады.
«Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» жобасы көптеген суретшілер үшін шығармашылық шабыт көзі болды, әсіресе Өскемен қаласындағы «Сурет» бейнелеу өнері студиясының жас тәрбиеленушілері үшін. Олар жергілікті аңыздарды қағазға түсіріп, бұл суреттер кітапхана қызметкерлеріне үлкен әсер қалдырды. Қызметкерлер оларды ашық хаттар сериясы етіп жасап шығаруды ұйғарды.
Сонымен қатар, кітапханашылар «Шығыс Қазақстанның аңыз-әпсаналары» жинағын «Абай әлемі» кітап сериясы аясында жариялау үшін өтінім берген. Бұл бастама облыстық мәдениет басқармасы тарапынан қолдау тауып, 2024 жылға арналған бюджетке енгізілді. Жинақ үш тілде — қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді.
Фото: А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханасынан