Шемонаиха ауданында өңдеу саласының кәсіпорындары қарқынды жұмыс істеуде
Шемонаиха ауданы 2024 жылды әлеуметтік-экономикалық дамудың жақсы көрсеткіштерімен аяқтауда. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 102% өсіммен 123 млрд. теңге деңгейіне жетті.
Бұл туралы бүгін Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акулов ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан әкімі келтірген деректерге сүйенсек, өңдеу саласының кәсіпорындары қарқынды жұмыс істеп, нәтижесінде жыл басынан бері 107% өсіммен 30 млрд.теңгеден астам өнім өндірілген.
Ауыл шаруашылығы саласында барлық көрсеткіштер былтырғы деңгейден жоғары. Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары 105% өсіммен 52 млрд. теңгеден астам өнім өндірген.
Өнімділікті арттыру бойынша мақсатты жұмыстар мен қолайлы ауа-райы өсімдік шаруашылығы саласындағы өндірісті ұлғайтудың негізгі факторы болды.
Орташа өнімділігі гектарына 26 центнер болатын жаздық және күздік дәнді дақылдардың жалпы өнімі 158 мың тоннаны құрады, бұл былтырғы көрсеткіштен 50%-ға жоғары. Күнбағыс өнімі 111 мың тонна, бұл 2023 жылғы деңгеймен салыстырғанда 104%.
Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешен саласындағы тәжірибесін тираждау бағдарламасын іске асыру аясында «Рулиха» ЖШС, «Хамзин С.и Компания» КТ және «Белокаменское» ЖШС-де сүт-тауар фермаларын салу және реконструкциялау жөнінде үш ауқымды жоба іске асырылуда.
«Белокаменское» ЖШС сүт-тауар фермасы реконструкциясына 1 млрд. теңгеден астам инвестиция салу жоспарланып отыр.
Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары «Агробизнес» және «Кең дала» мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 9 жоба бойынша 474 млн. теңге кредиттік қаражат алды.
2,5%-бен халыққа шағын несие беруді көздейтін «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша бүгінгі таңда 5 жоба бар. Аталған жобаларда 40,4 млн. теңге сомасына несиелеудің басым бағыттары бар.
Өнеркәсіп кәсіпорындарының, ауыл шаруашылығы құрылымдарының және шағын бизнестің жұмысы 324 тұрақты жұмыс орнын құруға және 510 адамды бос жұмыс орындарына орналастыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, брифинг барысында «Бастау Бизнес» жобасы, білім беру мен денсаулық сақтау саласы, халықты сапалы ауыз сумен қамту, жол жөндеу, жарықтандыру, балалар алаңын салу бойынша ауданда атқарылып жатқан іс-шаралар жайлы да айтылды.
Айжанат Бақытқызы