Халық жемқорлық жасағандардың тізімін көре алады
Фото: egemen.kz
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлардың тізімін жария етуді енгізуді жоспарлап отыр.
Тізілімде жемқорлық үшін сотталған адамның барлық деректері қамтылады, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл жұмыс берушілерге әлеуетті үміткерді тазалық пен адалдыққа тексеруге мүмкіндік береді.
Жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіруге бағытталған заңнамалық бастамалар ШҚО-дағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды.
Жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту ұсынылды.
Сондай-ақ, Парламентте пара беру уәдесі мен ұсынысын криминализациялау мәселесі қаралып жатыр.
Пара беру ұсынысы деп ауызша немесе жазбаша, оның ішінде электрондық нысанда пара беру туралы анық және түсінікті сөз, ал пара беру уәдесі деп пара беру уақыты, орны, тәсілі туралы хабарламасы бар осындай сөз түсінілетін болады.
Заңдарға енгізілген бұл өзгерістер жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне елеулі үлес қосады. Сонымен қатар, олар ГРЕКО, ЭЫДҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдардың ұсынысы бойынша дайындалған.