Көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар жыл сайын жаңартылып отырады

Фото: azattyq-ruhy.kz
Республикада 2,5 млн жуық балалы отбасы тиісті мемлекеттік жәрдемақы алады.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз конференциясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, бұл – мемлекет тарапынан бөлінетін 7 түрлі жәрдемақы. Оған мемлекеттік бюджеттен биыл 1,3 трлн теңге бөлінді. 2022 жылы – 900 млрд теңгеден астам, 2021 жылы 600 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған екен.
Сондай-ақ бала күтімі бойынша, көп балалы отбасыларға, қиын жағдайға тап болған отбасылардың балаларына да мемлекет тарапынан қолдау қарастырылған. Вице-министр соңғы санаттың параметрлері Әлеуметтік кодекстің қабылдануына байланысты өзгергенін жеткізді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі балалы отбасылар, олардың тәрбиесі, әл-ауқаты мемлекет тарапынан әрқашан бақылауда болатынын, оларға тиесілі жәрдемақылар заман талабына, азаматтардың әл-ауқатына, экономиканың жағдайына байланысты қайта қаралып, жаңартылып отыратынын айтты.