ШҚО-да әлеуметтік қолдау шаралары қайта қаралды
Әлеуметтік қолдау шараларын күшейту – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет алдына қойған басты міндеттердің бірі.
Бірінші кезекте, бұл шаралар түрлі жәрдемақылардың мөлшері мен оларды төлеу мерзімдерін ұлғайтуға, әйелдердің зейнетақы жасын 2028 жылға дейін тұрақтандыруға, базалық зейнетақы мөлшерін ұлғайтуға, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбекке жарамсыз қазақстандықтарды кәсіптік дағдыларға үйрету шараларын кеңейтуге бағытталған.
ҚР Президентінің Жолдауына сәйкес ШҚО Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту органдары жәрдемақылар, төлемдер мен зейнетақылардың барлық мөлшерін қайта қарады. Сонымен қатар, халық арасында түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Марина Шаронованың айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік қорғау органдарының алдында тұрған міндеттердің бірі балалы отбасыларды қолдау бойынша шараларды күшейту.
Қазір Қазақстанда балалы отбасыларға берілетін жәрдемақының бірнеше түрі қарастырылған: бала туу бойынша, бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы, көп балалы отбасына жәрдемақы, көп балалы анаға жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасына жәрдемақы.
– Бұл жәрдемақылар 2023 жылы осы қалпында қалады, алайда қолдау шараларының өзі күшейтіледі. Мысалы, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы отбасына бір жасқа дейін емес, бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді, – деді Марина Шаронова.
Бұл жәрдемақы міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатынан тағайындалады. Оның мөлшері ананың соңғы 24 айдағы кіріс деңгейіне және оның міндетті сақтандыру жүйесіне қатысуына тікелей байланысты. Егер бала туғанға дейінгі соңғы екі жылда кемінде алты ай ішінде ол әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар жасаса, оның жәрдемақысының мөлшері осы кезеңдегі табыстың орташа мөлшерінің 40%-ын құрайды. Бұл есептеу ағымдағы жылдың соңына дейін қолданылатын болады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақы мөлшері ана табысы деңгейінің 40%-ынан 45%-ға дейін ұлғаяды.
– Егер ана осы мерзім аяқталғанға дейін жұмысқа шығуға шешім қабылдаса, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы төлеу тоқтатылады. Бірақ ана бәрібір қорғалады: жәрдемақы республикалық бюджеттен төленетін болады, – деп толықтырды Марина Шаронова.
ШҚО Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің ақпараты бойынша, қазір облыс аумағында 200 мыңға жуық зейнеткер бар, ал 2023 жылдың қаңтарынан бастап олардың саны артады. Өйткені Қазақстан Президенті әйелдердің зейнетақы жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде тоқтата тұру туралы шешім қабылдады.
– Біз жақын арада құрметті демалысқа шығуға дайындалып жатқан азаматтарды міндетті төлемдерді қадағалауға шақырамыз. Сонда ғана зейнетақыны есептеу кезінде құқықтарыңыз бұзылмайды, – деді Марина Шаронова.