Су тасқыны: Бектенов жауапты тұлғалар жазаланатынын ескертті
Фото: primeminister.kz
Қазгидрометтің болжамы бойынша ақпан және наурыз айларының соңында мол жауын-шашын түсуі мүмкін. Осыған байланысты 10 өңірдің елді мекендерін су басу қаупі бар, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Qamshy.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Тау суының тасуы салдарынан: Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында; қардың көп еруіне байланысты: Батыс Қазақстан, Ақмола, СҚО, Қарағанды, Павлодар және Қостанай өңірлерінде су тасқыны қаупі жоғары.
Бұл туралы Үкіметтің су тасқыны жағдайына қатысты бүгінгі талқы отырысында ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов айтты.
Алайда Премьер-министр бұған дейін өңірлерде су тасқынына қарсы барлық іс-шараны сапалы іске асыру қажеттігі туралы бірнеше рет тапсырмалар берілгенін, бірақ мемлекеттік органдар мен әкімдіктер тиісті шараларды толық көлемде қабылдамағанын сынға алды.
Жекелеген өңірлерде қар шығаруға арналған қаражат тек ірі қалалар мен облыс орталықтарына бөлінеді. Ал ауылдық елді мекендерде қар шығару жұмыстары назардан тыс қалып отыр.
Оның айтуынша, елдімекендердің көшелерін су басып қалу және бірқатар өңірлерде жолдарды шайып кету фактілері қазірдің өзінде тіркеліп отыр. Жалпы 217 елдімекенде тасқын қаупі сақталуда.
Үкімет басшысы біраз шаруа әкімдіктердің нақты жұмысына байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты ол арықтарды, жауын-шашын кәріздерін уақтылы тазарту, уақытша бөгеттер салу және елді мекендерде топырақ үйінділерімен бекіту жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.
Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрлігі жыл сайын өткізетін «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының формалды түрде өткізілетінін, ал дайындық қағаз жүзінде ғана қалатынын айтып, оқу-жаттығу өткізу форматын қайта қарауды тапсырды.
Премьер-Министр Төтенше жағдайлар министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, арнайы және инженерлік техниканы шоғырландыруы, бизнеспен олардың техникасын резерв ретінде пайдалану туралы келісімге келуі, аса қауіпті учаскелердің маңында қажетті материалдар қорын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Жанаргүл Мұқатай