Үкімет папилломаға қарсы вакцина алуға 9,7 млрд теңге бөлді

Фото: depositphotos.com
Үкімет адам папилломасы вирусына қарсы вакцина сатып алуға және оны егуге резервтен қаражат бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
351 мыңнан астам доза вакцина сатып алу үшін 9,7 млрд теңге аударылады.
Адам папилломасы вирусынан туындаған жатыр мойны обыры (ЖМО) – әлемде ең көп таралған қатерлі ісіктердің бірі. Ол барлық жағдайдың құрылымында 13,1%-ға дейін кездеседі. Жыл сайын одан 300 мыңға жуық әйел көз жұмады. Қазақстанда ЖМО барлық жастағы әйелдер арасында қатерлі ісіктің басқа түрлері ішінде таралуы бойынша екінші орында тұр. Жыл сайын республика бойынша 1900-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі, 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады.
Папилома вирусына қарсы және жатыр мойны обырымен күресудің жалғыз әдісі – вакцинация. Екпе салу 11 жастағы қыздарға 6 ай аралық мерзіммен екі рет жүргізілетін болады.