KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Қазақстанда қыздарға папиллома вирусына қарсы вакцинация қалай жүргізіледі?

Фото: gov.kz

18.01.2024, 11:39 152

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2024 жылғы 17 қаңтарда Мәжіліс кулуарында Қазақстанда қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация қалай жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі Zakon.kz. сілтеме жасап.

Ажар Ғиният өткен жылы онкологиялық ауруларға қарсы күрес бағдарламасы қабылданғанын және оның аясында қатерлі ісік ауруларының алдын алуға көп көңіл бөлу қажеттігін хабарлады.

"Жатыр мойны обырының алдын алу мақсатында елімізде биылдан бастап қыздарға  адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация салынатын болады. 11 жастағы қыздар мен ата-аналарға: "Егер балаларыңызды болашақта онкологиялық аурулардан қорғағыңыз келсе, онда балаларға вакцина салдыра аласыз" деп ұсынылады. Әрине, бұл вакцинация ата-аналардың келісімімен жүргізіледі. Өңірлер қызметінің дерекері бойынша, елімізде вакцина алуға жататын 170 мың контингент бар. Бұл жұмыс жоспарлы вакцинация шеңберінде мектептерде және егу кабинеттерінде жүргізілетін болады", -деп түсіндірді министр.


  

Алайда Денсаулық сақтау министрі балаларға қандай вакцина егілетінін айтқан жоқ. Оның бюджеті туралы да әзірге ақпарат жоқ.

"Вакцина әлі сатып алынған жоқ. ҚР-да Ұлттық егу күнтізбесі аясында барлық балаларға тек ДДҰ-мен сертификатталған, ең жақсы, дәлелді базасы мен тиімділігі бар вакциналар ғана сатып алынады", - деді Ажар Ғиният.


Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі қыздармен қатар ұлдарды да вакцинациялау мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін айтты.

«Біз алдымен осы науқанды бастап, халықтың реакциясы қандай болатынын және оның қалай жүретінін көргіміз келеді, өйткені біз бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған вакцинация халық арасында қолдау таппағанын білеміз. Бірақ бүгінгі күні вакцинацияны енгізген елдерде жатыр мойны обырымен ауыру көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Ал ұлдарға қатысты айтарым, егер қоғам қолдап, ұлдарға да вакцина егу керек десе, алдағы жылы ұсыныстарды ескереміз», - деп түйіндеді Ажар Ғиният.


Қазақстандық мектеп оқушыларына папиллома вирусына қарсы вакцинация салу 2024 жылдың күзінен басталатын болды.

                                                                         Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу