Адам папиллома вирусына скринингтік тексеру енгізілуі мүмкін

Фото: ambulatory.kz
Адам папиллома вирусы - жатыр мойны обырын тудыратын жұқпалы вирус. Алайда жатыр мойны қатерлі ісігі - вакцинамен қорғануға болатын обырдың жалғыз түрі.
Адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізіледі, вакцинациялау 11 жастағы қыздарға ата-аналардың балаларды вакцинациялауға келісімін алғаннан кейін жүзеге асырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сауле Слямғазина мәлімдеді.
Көптеген адамдарды АПВ алаңдатпайды, бірақ кейбір папилломавирустар сүйелдерге немесе қатерлі ісікке әкелуі мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 95% - дан астам жағдайда жатыр мойны жаман ауруын адам папилломавирусы (АПВ) тудырады. Жатыр мойны обырының 70% АПВ-ның екі (16 және 18) жоғары онкогенді түрі тудырады. Бұл туралы көптеген ғылыми дәлелдер бар.
Осы вирусты жұқтырған әйелдерде жатыр мойны обырының даму ықтималдығы АПВ жоқ әйелдерге қарағанда алты есе жоғары.
Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдерде таралуы жағынан сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Елімізде жыл сайын екі мың қыз-келіншекке осы диагноз қойылса, 500-ден астам әйел қайтыс болады.
Папиллома вирусы адамнан адамға тұрмыстық байланыс және жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін.
Елімізде 2024 жылдың 3-тоқсанынан 11 жастан бастап қыздарға екпе салу жоспарланған. Бұл жас ДДҰ, онкологтардың ұсынымдарына сәйкес таңдалған, өйткені 11-14 жаста вакцинация ересек жастағы вакцинациямен салыстырғанда неғұрлым тиімді, тұрақты иммунитет қалыптасады, - деп түсіндірді Сауле Слямғазина.
Сауле Слямғазинаның сөзіне қарағанда, вакцинаны алу үшін қосымша талдаулар қажет емес. Вакцинация әдеттегі жоспарлы сияқты жүреді: екпе орнында қызару, ауырсыну және ісіну, сондай-ақ дене қызуының көтерілуі мүмкін. Вакцинацияның ұсынылатын жасы 11-14 жас, препарат алғашқы жыныстық қатынасқа дейін тиімді. Вакцинаның жаңадан енгізілетінін ескере отырып, 11 жасар қыздарға вакцина егіле бастайды. Ұлдар арасында вакцинация халықтың қажеттілігі мен сұранысына байланысты қарастырылады.
ШҚО көпбейінді онкология және хирургия орталығы онкогинекология және маммология бөлімінің меңгерушісі Серік Мұхамеджанов алдағы уақытта адам папиллома вирусына скринингтік тексеру енгізілуі мүмкін екенін айтты.
Әлемде бұл вакцинаға сұраныс өте жоғары. Бүгінгі таңда 125-тен астам ел ұлттық вакцинация күнтізбесіне осы вакцинацияны енгізген (соның ішінде Австралия, Бельгия, Канада, Германия, Жапония, Бразилия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Швеция, Испания, Швейцария, Ұлыбритания және АҚШ бар). Орталық Азия бойынша көрші елдерде: Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан вакцинацияны енгізген.