KZ
Өскемен
+16°
небольшая облачность жел 3 м/с, С
516.91 586.33 6.3

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Түркия тас-түйін дайын

Фото: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дирекциясы

19.08.2024, 12:48 233 Ержан Әбіш

Қыркүйектің 8-13 аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жалауын желбіретеді. Дүбірлі додаға 80-нен астам елден 2 мыңнан аса спортшы қатысып, 21 спорт түрінен жүлдеге таласады деп күтіліп отыр. Олардың қатарында Түркия елі де бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Түркия Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 9 спорт түрінеy қатысуға ниет білдірген. Аталған елден 120-ға жуық спортшы топ жаруға барын салмақ.

Естеріңізге салсақ, соңғы рет Дүниежүзілік көшпенділер ойындары осыдан екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында өткен еді. Доданы жоғары деңгейде ұйымдастырған түріктер Астана қаласында да қызу тартыс болатынына сенімді.

Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының басқарма мүшесі Абдухади Турустың айтуынша, аталған жарысты өткізуде тәжірибе жинақтап алған Түркия қазақстандық әріптестеріне барынша қолғабыс көрсетіп жатыр.­

– Бізді ортақ тіл, тарих және мәдениет, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар біріктіреді. Біз Астанада өтетін ауқымды іс-шараға қатысуға дайынбыз. Өз тәжірибемізбен бөлісіп жатырмыз Бұған дейін қазақстандық әріптестермен жиі кездесіп, дайындық процесін пысықтадық. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биыл жоғары деңгейде өтетініне сенімдіміз, – деді ол.

Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының тағы бір басқарма мүшесі Осман Басер мұндай іс-шаралар жастарды мәдениетті ғып тәрбиелеу үшін өте маңызды екенін атап өтті.

– Көшпенділер ойындарында қатысушылар спорт арқылы бір-бірімен танысады. Біздің мақсатымыз – мұраны келесі ұрпаққа сақтау. Бұл тұрғыда Қазақстан өз міндеттемелерін орындайтыны сөзсіз. Сонымен қатар Түркияда тағы екі халықаралық құрылым көшпенділер ойындарына дайындалуда. Олар – Түркі мемлекеттері мен ТҮРКСОЙ ұйымы. Соңғысы түркі халықтарының мәдени мұрасын насихаттау және түркі мемлекеттері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту үшін көрмелер мен спектакльдер өткізеді, – деді О. Басер.

Айта кетейік, биылғы көшпенділер ойындарына Бруней-Даруссалам, Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан, Гамбия, Бруней, Эфиопия, Перу елінің спортшылары алғаш рет қатысады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу