Жұмысшы мамандықтар жылы: кешенді жоспар әзірленеді
Фото: depositphotos.com
Биыл 15 қарашаға дейін Үкімет Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың кешенді жоспарын әзірлейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен келесі жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Аталған тапсырманы орындау үшін Оқу-ағарту министрлігі биыл 15 қарашаға дейін Үкіметке Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың кешенді жоспарын әзірлеп, енгізеді. Біріншіден, осы жылдың соңына дейін өңірлер сұранысына ие кадрларды дайындау мақсатында колледждерді кәсібилендіру процесі аяқталады. Екіншіден, бұл салада да колледждердегі білім сапасын бағалауды жүргізіп, оларды лигаларға жіктейтін боламыз. Жоғары және орташа лигаларға енгізілген колледждер 100 технологиялық көшбасшы тізімін құрайды, – деді Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, көшбасшы колледждер елімізде ашылған шетелдік жоғары оқу орындарымен жұмыс істейтін болады.
– Үшіншіден, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі өзгертіледі. Ол қолданыстағы базалық бөлік пен жаңа ынталандырушы төлемнен құралуы керек. Ынталандырушы төлемдер халықаралық салалық стандарттарды енгізген, түлектердің басым бөлігі сертификатталған және орташа есеппен жоғары мөлшерде еңбекақы алатын колледждерге ұсынылады. Аталған өзгерістер салалық мемлекеттік органдарға түлектерді жұмысқа қабылдау мәселесін пысықтаумен қатар жүргізіледі, – деді ол.
Айта кетсек, Президент Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауды ұсынды.
Оқи отырыңыз