ҰБТ өткізудің ережелері өзгерді

Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізу ережелеріне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі eGov.kz порталына сілтеме жасап.
Енді ҰБТ қағаз және электронды форматта өткізіледі. Талапкерлер Ұлттық тестілеу орталығының сайтындағы онлайн-платформа арқылы тестілеуге қатысуға өтініш бере алады.
Өтініш беріп, бірақ түрлі себептермен тестілеуге қатыса алмаған түлектерге негізді себеп болған жағдайда басқа күні тапсыру мүмкіндігі беріледі. Мұндай себептерге республикалық немесе халықаралық олимпиадаға қатысу, жақын туысының қайтыс болуы немесе медициналық жағдайлар жатады.
Сондай-ақ жаңа бұйрыққа сәйкес, ерекше білім беру қажеттілігі бар (көру, есту, тірек-қимыл аппараты бұзылған) түлектерге қатысты талаптар нақтыланды. Енді олар мүгедектігін растайтын құжат ұсынуға тиіс. Мұндай талапкерлерге ассистент немесе ымдау тілін меңгерген маманның көмегін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Ағылшын тілін халықаралық деңгейде меңгергенін растайтын (TOEFL, IELTS, TOEFL IBT) сертификаттары бар талапкерлер «Шет тілі (ағылшын)» пәнінен босатылады. Бұл сертификаттар бойынша деректерді енгізу тәртібі де нақты көрсетілген.
ҰБТ кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа шаралар енгізіледі. Тест тапсырушыларды тексеру үшін металл іздегіштер қолданылады. Аудиторияға ұялы телефон, калькулятор және шпаргалка секілді тыйым салынған заттарды алып кіруге қатаң тыйым салынады.
Сонымен қатар жеке тұлғаны арнайы сканерлер арқылы сәйкестендіру рәсімі енгізіледі. Академиялық адалдықты бұзу – мысалы, тапсырмаларды талқылау, тыйым салынған құрылғыларды пайдалану немесе тестілеу жүйесіне араласуға тырысу – бірден аудиториядан шығарылып, нәтижелердің жойылуына әкеледі.