KZ
Өскемен
+28°
ясно жел 3 м/с, СБ
512.44 593.15 6.52

Биыл 3,2 млн оқушы жазғы демалыспен қамтылады

pixabay.com

20.05.2025, 10:30 123 Төлеуғазы Жансая

Жазғы демалыс – балалар үшін тек демалу ғана емес, жаңа нәрсе үйреніп, ой-өрісін кеңейту мүмкіндігі. Биылғы жазда 3,2 миллион оқушы түрлі демалыс бағдарламаларына қатысады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, еліміздің 10 мыңнан астам демалыс орнында балалардың жазғы тынығуы ұйымдастырылады. Оның ішінде:

  • 15 мыңнан астам бала – жыл бойғы сауықтыру орталықтарында,
  • 186 мың бала – қала сыртындағы лагерьлерде,
  • 2,8 миллионнан астам оқушы – мектеп жанындағы лагерьлерде,
  • 160 мыңға жуық бала – шатырлы және киіз үй лагерлерінде демалады.

Министрлік әлеуметтік осал топтағы балаларға ерекше назар аударып отыр. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асырылатын «Жаздық жолдама» жобасы аясында 10 мың бала тегін демалады. Бұл ретте көпбалалы және ауылдық жерлерден шыққан балаларға басымдық беріледі.

Жазғы лагерьлердің қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарға сәйкестігі жіті бақылауда. Барлық демалыс орындарының тізімі бекітіліп, республикалық штаб отырыстарында дайындық деңгейі қаралған. Балалардың судағы, ормандағы және спорт нысандарындағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда.

Балалармен жұмыс істеу үшін 120 мың педагог-ұйымдастырушы даярланып, қосымша 12 мыңнан астам студент пен ерікті тартылатын болады. Жазғы демалыс барысында еңбек, шығармашылық, спорттық және интеллектуалдық бағыттар қамтылып, 3,4 миллион бала осындай іс-шараларға қатысады.

Жергілікті билік пен қауымдастықтар тарапынан жазғы демалысты ұйымдастыруда бірқатар жаңашыл бастамалар жүзеге асырылып жатыр:

  1. Түркістан облысында қамтуды арттыру мақсатында 10 лагерьде модульдік корпустар салынып жатыр;
  2. Шығыс Қазақстан облысында бұрыннан танымал «Қонақжай отбасы» жобасы жалғасуда. Биыл 6 елді мекеннен 62 отбасы 140 балаға арнап демалыс ұйымдастырады;
  3. Ақтөбе облысында және басқа да өңірлерде Жұмысшы мамандықтары жылы аясында колледж жанындағы лагерьлерде шеберлік сабақтары мен кәсіптік бағдар сессиялары өтеді.

Шығыс Қазақстанда биылғы жазғы демалыс бұрынғыдан ерекше өтпек. Балалардың тынығуы мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін алғаш рет «Киелі Шығыс» жобасы қолға алынып отыр. Жаңа жоба – «Киелі Шығыс» аясында 200 оқушы экскурсияларға қатысады. Олар Берел қорғандары, Қиын Керіш шатқалы, жартастағы суреттер, ұлттық табиғи парктер мен мұражайларға барады. Балалар саяхат барысында өлке тарихымен танысып, шеберлік сабақтар мен практикалық туризм негіздерін меңгереді.

2025 жылдың жазғы маусымына қала және аудан бюджеттерінен 634,5 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат жолдамалар сатып алуға, тамақтандыруды ұйымдастыруға, сондай-ақ мектептер мен лагерьлердің материалдық базасын жаңартуға жұмсалады. Биыл өңірде 93 мыңнан астам оқушы жазғы бағдарламалармен қамтылады. Олардың 9 мыңнан астамы — көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары — тегін демалады.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу