Балалар демалысы: Аймақта алғаш рет «Киелі Шығыс» жобасы жүзеге асады
Шығыс Қазақстанда биылғы жазғы демалыс бұрынғыдан ерекше өтпек. Балалардың тынығуы мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін алғаш рет «Киелі Шығыс» жобасы қолға алынып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2025 жылдың жазғы маусымына қала және аудан бюджеттерінен 634,5 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат жолдамалар сатып алуға, тамақтандыруды ұйымдастыруға, сондай-ақ мектептер мен лагерьлердің материалдық базасын жаңартуға жұмсалады. Биыл өңірде 93 мыңнан астам оқушы жазғы бағдарламалармен қамтылады. Олардың 9 мыңнан астамы — көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары — тегін демалады.
Тынығу мен білім қатар жүреді
Жазда 11 қала сыртындағы лагерь жұмыс істейді: 8-і мемлекеттік, 3-еуі — жекеменшік. Жалпы 8 575 бала осы лагерьлерде тынығады. Сонымен қатар, облыс бойынша 270 мектеп жанындағы лагерь мен 204 бейінді алаң жұмыс істейді. Олардың базасында түрлі үйірмелер, клубтар, секциялар, экскурсиялар ұйымдастырылады. Мұндай алаңдармен 61 869 оқушы қамтылмақ.
Сапалы қызметті қамтамасыз ету үшін 2 454 маман тартылмақ: 1 230 тәрбиеші мен вожатый, 1 224 қосымша білім беру педагогы, 250 медицина қызметкері және ЖОО мен колледж студенттері.
Әскери лагерь мен ұлттық тәрбиені қатар алған бағдарлама
Самар ауданындағы «Балауса» лагерінің базасында әскери-патриоттық бағыттағы лагерь жалғасын табады. Биыл бұл лагерьге қатысушылар саны екі есе артып, 100 бала қамтылмақ. Бағдарламада спорттық жарыстар, жорықтар және алғашқы әскери дайындық элементтері бар.
«Дарын» орталығының мәліметінше, биыл да облыс оқушылары «Бөбек», «Балдәурен» сияқты республикалық сауықтыру орталықтарында тегін демалады. Жыл басынан бері 126 бала демалып үлгерсе, жыл соңына дейін тағы 338 оқушы жолдама алады.
«Қонақжай отбасы» — қазақ тілін тілдік ортада үйрену
Аймақта бұған дейін басталған «Қонақжай отбасы» жобасы биыл кеңейіп, Үлкен Нарын, Катонқарағай және Шемонаиха аудандарындағы 6 ауылдан 140 бала мен 62 отбасыны қамтиды. Балалар қазақ тілін табиғи ортада, күнделікті тұрмыста қолдана отырып үйренеді. Сонымен қатар, олардың туған өлке тарихы, салт-дәстүр мен халық аспаптары туралы білімдері кеңейтіледі.
«Киелі Шығыс»: алғаш рет жүзеге асатын тарихи-мәдени тур
Жаңа жоба – «Киелі Шығыс» аясында 200 оқушы экскурсияларға қатысады. Олар Берел қорғандары, Қиын Керіш шатқалы, жартастағы суреттер, ұлттық табиғи парктер мен мұражайларға барады. Балалар саяхат барысында өлке тарихымен танысып, шеберлік сабақтар мен практикалық туризм негіздерін меңгереді.
Сонымен қатар, 140 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала үшін Бұқтырма су қоймасы бойымен бір күндік теплоходпен саяхат ұйымдастырылады.
Кәсіпке бағытталған жазғы лагерьлер
Өңірдегі колледждер мектеп оқушыларына арналған жазғы лагерьлер ұйымдастыру бойынша тәжірибе жинақтаған. Биыл 10 колледжде 500 оқушыны қамтитын бағдарламалар жүзеге аспақ. Балалар үшін робототехника, мехатроника, бағдарламалау, тіпті аспаздық пен шет тілдерін үйрететін шеберлік сабақтары өтеді.
Сондай-ақ, жазғы жетістіктерімен көзге түскен немесе әлеуметтік осал топтан шыққан 150 студент үшін Бұқтырма жағалауында (Свинчатка ауылы) демалыс ұйымдастырылады.
Қауіпсіздік – басты назарда
Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз өткізу үшін облыста ведомствоаралық штаб құрылып, ішкі істер, ТЖ, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының өкілдерімен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Қала сыртындағы барлық лагерьлер санитарлық талаптарға сай дайындалып жатыр. Ал жүзуге рұқсат етілген 4 лагерьде су айдындарын тазарту мен тексеру жұмыстары жүргізіледі.


