Зайсанға Boeing ұшақтары қатынай ма? (видео)
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Бұқтырма көпірі пайдалануға берілсе, биыл Зайсан және Катонқарағай аудандарында жаңа әуежайлардың құрылысы басталды. Зайсан ауданының халқымен кездескен облыс әкімі жаңа әуежай құрылысы мен оның болашағы туралы жан-жақты баяндама жасалды.
– Жаңа көпір Қазақстан мен Қытай арасындағы жолды бір күнге қысқартты. Енді жаңа әуежай Моңғолия мен Қытай арасындағы халықаралық байланысты жиілетеді. Бұл, бірінші кезекте, туризмге, ауыл шаруашылығы мен басқа да салаларға серпін беретіні сөзсіз, – деді облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы. – Әуежайдың құрылыс алаңында болдым. Бірқатар мәселелер бар, бірақ олар өз шешімін тауып жатыр. Ұшу-қону жолағының ұзындығы әзірге 2200 метр. Оның негізі Airbus және Boeing ұшақтарын қабылдай алатындай етіп салынып жатыр. Алғашқы кезеңде сыйымдылығы 80–85 орындық ұшақтар қатынайтын болады. Егер әуе қатынастарына сұраныс артып, қозғалыс жиілесе, ұшу-қону жолағын екі шетінен 400 метрге ұзарту көзделеді. Сондай-ақ үстіңгі тас жол қабаты толық күшейтілмек.
Облыс әкімі өңірдегі жол құрылыстары мәселесіне де тоқталды. Атап айтқанда, автожолдар мен көше жөндеу көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы республикалық және жергілікті маңызы бар 710 шақырым жол жөнделсе, биыл 870 шақырым жолды жөндеу қолға алынған. Ал Зайсан ауданында өткен жылы 1,2 млрд теңгеге 42,3 шақырым жол мен көше жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Айдос Мырзахметов
Видео: Жәнібек Ырысбай
Фото: Altainews.kz