Министрлік: Ауруханалар халықтың нақты қажеттілігіне сай өзгереді
Қазақстанда 36 көпбейінді облыстық аурухана жаңғыртылады. Денсаулық сақтау министрлігі бастаған бұл ауқымды жұмыс халықтың нақты қажеттіліктеріне бейімделіп жасалуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінде облыстық ауруханаларда 15 мыңнан аса төсек орны бар. Бірақ олардың тек 20 пайызы ғана жүрек-қан тамырлары, бүйрек, асқазан-ішек секілді созылмалы ауруларға арналған. Ал мұндай дерттер көп жағдайда ұзақ емдеуді қажет етеді және мүгедектікке әкелуі мүмкін.
Сондықтан министрлік ауруханалардағы төсек қорын қайта қарап, артық жатқан бөлімдерді қысқартып, сұраныс көп бағыттарға – гастроэнтерология, эндокринология, пульмонология және тағы басқа терапиялық бөлімдерге басымдық бермек. Яғни, науқастарға шын қажет ем түрлері қолжетімді бола түседі.
Жаңғырту аясында не өзгереді?
Созылмалы сырқаты бар азаматтар емді оңай әрі сапалы түрде алатын болады;
Ауруханалар жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі;
Жергілікті мамандар шеберлігін жетілдіреді, жас дәрігерлерге қолдау көрсетіледі;
Қашықтан кеңес беру, диагноз қою қызметтері енгізіледі;
Медициналық кадрлармен жұмыс жүйеленеді, білікті дәрігерлер даярлау жолға қойылады;
Симуляциялық орталықтар құрылады – бұл болашақ мамандарды тәжірибеде оқытуға көмектеседі.
Сонымен қатар, өңірлік және республикалық құзырет орталықтары нығайтылып, оларда заманауи тәсілдер енгізіледі. Яғни, тәжірибелі мамандар бір жерде шоғырланып, озық емдеу әдістерін қолданатын болады.
Бұл жаңарту жұмыстары өңірлердегі денсаулық сақтау жүйесін жақсартып, созылмалы аурулардан болатын өлім-жітімді азайтуға, халықтың өмір жасын ұлғайтуға ықпал етпек. Қысқасы, енді облыстық ауруханалар тек ғимарат жағынан емес, қызмет сапасы жағынан да жаңарып, елге тиімді, қолжетімді, заманауи медициналық көмек көрсететін орынға айналмақ.


