KZ
Өскемен
+8°
туман Штиль
485.11 523.82 5.02

Қазақстанда 3600 адам бүйрек ауыстыруды қажет етеді

12.04.2024, 14:10 104 Айжанат Бақытқызы

Қазақстанның әрбір оныншы азаматы созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан, деп хабарлайды Altainews.kz cайты Informburo.kz порталына сілтеме жасап.

Созылмалы бүйрек ауруы (СБА) – әртүрлі сипаттағы бүйрек ауруларын біріктіретін және осы ағза қызметінің бұзылғанын білдіретін ұғым.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, СБА-дан әлемде 840 миллионға жуық адам зардап шегеді.

Қазақстанда әрбір оныншы адамда осы ауру кездессе де, тек жеті адамның біреуіне ғана СБА диагнозы қойылады. Сарапшылар мұны СБА белгілерінің бірден байқалмайтынымен байланыстырады.

Көп жағдайда адамдар гемодиализ, аптасына кемінде үш рет 4-5 сағаттық қан тазарту процедурасы немесе бүйрек трансплантациясы қажет болған кезде кәсіби көмекке жүгінеді.

«Бүгінгі таңда 9 мыңға жуық қазақстандық гемодиализден өтіп жатыр. Мұндай науқастардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл ретте Қазақстанда бейінді мамандардың тапшылығы туралы айтқан жөн. Халық арасында кеселдің таралуы жоғары болып тұрғанымен, елімізде бар-жоғы 400-ге жуық нефролог бар. Созылмалы бүйрек ауруы 5 кезеңнен тұрады. СБА-ның еш белгілерсіз өтуіне байланысты пациенттер аурудың кеш кезеңдерінде дәрігерге жүгінеді. Егер біз пациенттерде СБА-ның диагнозын ерте сатыда, ең болмағанда үшінші немесе төртінші А сатысында анықтайтын болсақ, гемодиализді уақтылы терапияның көмегімен кейінге шегеруге болады», – деді Алматы қаласы бойынша нефрологиялық көмек координаторы Абай Шепетов.

2024 жылғы наурыздағы жағдай бойынша, бүйрек трансплантациясына кезекте шамамен 3600 қазақстандық тұр. Олардың 80-нен астамы – балалар. Ағзаларды трансплантациялауды күту тізіміндегі пациенттердің 90 пайызға жуығы бүйрек трансплантациясын қажет етеді. Қалған 10 пайызды – бауыр, өкпе және жүрек ағзалары құрайды. Сарапшылардың пікірінше, өкінішке орай, әркім өз кезегін соңына дейін күте алмайды.

Мамандардың айтуынша, СБА дамуының қауіп факторы болатын бірқатар ауру бар. Олардың ішінде ең көп тарағандары – артериялық гипертензия (жоғары қан қысымы), жүрек-қан тамырлары аурулары, отбасылық анамнездегі СБА және қант диабеті. Артериялық гипертензиямен ауыратын әрбір үшінші науқаста СБА маркерлері бар екенін атап өткен жөн.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив