1 мамырдан бастап емханалардағы мобильді бригадалардың жұмысы өзгереді

Емханалар жанындағы төртінші шұғылдық санатындағы шақыртуларға қызмет көрсететін мобильді бригадалар енді жаңа тәртіппен жұмыс істейтін болады. Бұл өзгерістер жедел жәрдемнің кешігіп келуіне байланысты тұрғындардың шағымдарына орай енгізіліп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Төртінші санаттағы шақыртулар – бұл өмірге қауіп төндірмейтін жағдайлар. Мұндай кезде денсаулыққа тікелей немесе ықтимал қауіп жоқ, дегенмен дәрігерлік араласу қажет.
1 мамырдан бастап не өзгереді?
Мобильді бригадалар емханалармен бірдей уақытта, сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді;
Төртінші санаттағы шақыртулар (мысалы, қан қысымының көтерілуі, дене қызуы, жеңіл жарақаттар) енді жұмыс уақытында емханалар жанындағы мобильді бригадаларға бағытталады;
Сағат 20:00-ден кейін және демалыс күндері барлық шақыртулар, оның ішінде төртінші санаттағысы да, бұрынғыдай жедел жәрдем бригадаларымен қамтылады.
Министрліктің мәліметінше, жедел жәрдем шақыруларының 50%-дан астамы дәл осы төртінші санатқа жатады және созылмалы аурулардың асқынуымен байланысты. Мұндай шақыртулар шын мәнінде өміріне қауіп төніп тұрған науқастарға көрсетілетін көмекті кідіртіп жатады. Сондықтан жаңа өзгерістер жүйенің жұмысын оңтайландыруға, күту уақытын азайтуға, жалпы медициналық-санитариялық көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Енді алғашқы медициналық-санитарлық көмек мобильді бригадалары шақыртуларға шығумен қатар, алдын ала жоспарланған үйге бару қызметін де атқарады.
Бұл созылмалы аурулары бар пациенттердің жағдайы нашарлаған сәтте тез арада әрекет етуге мүмкіндік береді.
Мобильді бригада әр 25 мың адамға бір бригада есебімен құрылады. Олар пациенттің тіркелген мекен-жайына қарамастан, нақты тұратын жері бойынша қызмет көрсетеді.
Қажет жағдайда тар бейінді мамандар бірге бара алады. Балаларға – педиатр, ересектерге – кардиолог, невропатолог және басқа да мамандар тартылуы мүмкін.
Жедел жәрдем шақыру тәртібі өзгермейді. 103 нөмірі арқылы кез келген уақытта жедел жәрдем шақыруға болады.
Анықтама үшін: мобильді бригаданың шақырту орнына жету уақыты – 60 минутқа дейін, 1-санат – 10 минут, 2-санат – 15 минут, 3-санат – 30 минут.