Қазақстан мен Қытай Алматыда жер сілкінісін зерттейтін орталық ашады
Фото: Ақорда
Қазақстан мен Қытай бірлесіп Алматыда жер сілкіністерін зерттейтін арнайы орталық құрады. Бұл туралы Астанада өткен ресми кездесу барысында белгілі болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа орталықтың мақсаты – жер сілкінісі қаупін алдын ала болжау, азаматтарды ерте ескерту жүйесін енгізу және сейсмологиялық зерттеулерді бірлесе жүргізу. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасында сейсмикалық мәліметтермен нақты уақыт режимінде алмасу көзделіп отыр.
Жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі, Алматы әкімдігі және Қытайдың Жер сілкіністері жөніндегі басқармасы үшжақты меморандумға қол қойды. Құжатқа Қазақстан тарапынан Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, ал Қытай тарапынан елші Хан Чунлинь қол қойды.
Сарапшылардың айтуынша, бұл бастама сейсмикалық қауіпсіздікті күшейтіп, табиғи апаттардың салдарын азайтуға көмектеседі. Ең бастысы – халықты дер кезінде, нақты және түсінікті ескертіп отыруға мүмкіндік туады.
Орталықтың жұмысы тек Алматы қаласы үшін емес, бүкіл ел үшін маңызды болмақ. Себебі Қазақстанның оңтүстігі мен шығысындағы аймақтарда жер сілкінісі қаупі жоғары. Ал алдағы уақытта мұндай орталықтар саны артуы да мүмкін.