Сейсмикалық сақтық: ШҚО үш жер сілкінісін бастан өткерді
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері магнитудасы 2 баллдан жоғары үш жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының инженері Нұрболат Өтеев мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мамандардың айтуынша, сейсмикалық белсенділік айтарлықтай зардап әкелмегенімен, бұл өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында дайындықтың күшейтілуі қажет екенін көрсетеді.
ШҚО аумағында жер сілкіністерін бақылау мақсатында екі сейсмологиялық станция жұмыс істейді. Оның бірі – Зайсан қаласында, екіншісі – Глубокое ауданында орналасқан. Бұған қоса, өңірде онлайн режимде дерек жинайтын 12 сейсмикалық датчик іске қосылған.
Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығына жіберіліп, жер асты тербелістерін алдын ала болжау және қауіпті бағалау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Қауіпті аймақтарда кең жолақты заманауи сейсмодатчиктер орнатылған.
Облыс бойынша 72 электр сиренасы, 48 сиреналық дауыс құрылғысы, 23 цифрлық телехабар тарату арнасы және 12 радиохабар тарату желісі іске қосылған. Бұл – төтенше жағдай кезінде тұрғындарды жедел ескертуге арналған азаматтық қорғау жүйесінің бір бөлігі.
Айта кетейік, мамыр айында ҚР Парламенті Мәжілісінде сейсмикалық қауіпті аймақтарда – Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында құрылыс салу талаптарын күшейту мәселесі көтерілді. Енді рұқсат беру тәртібі мен техникалық регламенттер заң жүзінде қайта қаралып, қатайтылмақ. Сондай-ақ, бұл өңірлердегі сейсмобақылау жүйелерін жаңарту мен жаңа станциялар орнату көзделіп отыр.
Елизавета Седых
Фото: Екатерина Семина


