Асфальт сапасына жауаптылар: елдегі барлық зауыттар тексеріліп жатыр
Қазақстанда жолдардың сапасын арттыру мақсатында Көлік министрлігі елдегі барлық асфальт-бетон зауыттарына (АБЗ) тексеріс жүргізіп жатыр. Бақылау шараларын Автомобиль көлігі комитетіне қарасты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» атқарып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда еліміздегі 431 зауыттың 382-сі немесе 89 пайызы тексеруден өтті. Бұл – Шымкент, Астана қалалары мен Алматы, Жетісу, Қостанай, Павлодар және Ақтөбе облыстарындағы жұмыс істеп тұрған барлық зауыттар толық қамтылды деген сөз.
Тексеру барысында зауыттардың техникалық жағдайы, зертханаларының жабдықталуы, сапаға жауапты мамандардың бар-жоғы, құрылыс материалдарын сақтау және тасымалдау ережелерінің сақталуы секілді маңызды бағыттар қаралды. Сонымен қатар, технологиялық регламенттердің сақталуына да ерекше назар аударылды.
Тексеріс нәтижесі бойынша бірқатар зауыттарға жұмысты жетілдіру және жаңғырту бойынша нақты ұсыныстар берілді. Бұл ұсыныстар сапа деңгейін арттыруға көмектеспек.
Көлік министрлігі алдағы уақытта қалған зауыттарды да осындай жан-жақты тексеріспен қамтуды жоспарлап отыр. Мақсат – еліміздің жолдарын сапалы, төзімді және қауіпсіз ету.


