Ел аумағында жер сілкінісіне қарсы ауқымды оқу-жаттығу өтеді
23-24 шілде күндері елімізде «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Ауқымды іс-шара еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде жойқын жер сілкінісі жағдайына дайындықты тексеруге бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Оқу-жаттығу жұмыстарына республикалық және өңірлік азаматтық қорғау қызметтері, жергілікті атқарушы органдар қатысады. Үйлестіру жұмыстарының республикалық штабы Шымкент қаласында орналасқан.
24 шілде күні сағат 10:00-де Алматы мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында «Баршаның назарына!» деген дабыл сиренасы қосылады. Бұл жаттығу аясында адамдар көп жиналатын нысандарда сейсмикалық қауіп кезіндегі іс-әрекеттер пысықталады.
Оқу-жаттығу барысында:
- авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіледі;
- зардап шеккендерге арналған шұғыл қабылдау пункттері ашылады;
- палаткалық лагерлер мен төрт далалық медициналық аурухана құрылып, нақты көмек көрсету іс-қимылдары көрсетіледі.
Аталған шара азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің жойқын жер сілкінісі салдарынан туындайтын төтенше жағдайға дайындығын күшейтуге бағытталған. Халыққа сирена қосылған сәтте үрейге бой алдырмай, тыңғылықты нұсқауларға құлақ асу ұсынылады.