KZ
Өскемен
-16°
туман Штиль
503.35 590.63 6.62

Телефон соғып алдаған: зейнеткер 2 миллион теңгесінен айырылды

pexels.com

22.07.2025, 14:00 240 Төлеуғазы Жансая

Шымкент қаласының 61 жастағы тұрғыны өзін Ұлттық банк қызметкерімін деп таныстырған алаяққа сеніп, 2 миллион теңгесін аударып жіберген. Белгісіз біреу әйелге телефон шалып, оның депозиттік шотындағы қаражатты «ұрламақшы» болғанын айтып, «қаражатты сақтап қалу үшін» басқа есепшотқа аударуға кеңес берген, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Әйел адам қорқып, алаяқтың айтқанына иланып, өзі көрсеткен есепшотқа 2 миллион теңге жіберіп қойған. Кейін ақшаның алаяқтардың қолына түскенін түсініп, сотқа жүгінуге мәжбүр болды.

Сотта жауапкер (яғни банк картасының иесі) ақшаны үшінші бір адамның өтінішімен алғанын және оны әрі қарай басқа адамдарға аударып жібергенін айтып ақталған. Бірақ сот оның бұл әрекетін негізсіз баю деп бағалады. Себебі ол бұл соманың қайдан, не үшін түскенін анықтамаған және заңдылығын дәлелдей алмаған.

Сот шешімімен әйелдің ақшасын алған азамат ол қаражатқа толық жауапты деп танылып, 2 миллион теңге қайтаруға міндеттелді. Апелляциялық сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Алаяқтарға алданып қалмау үшін не істеу керек?
– Өз-өзін банк қызметкерімін деп таныстырған кез келген адамға бірден сене салмаңыз.
– Жеке деректеріңізді (ЖСН, банк картасының нөмірі, SMS-кодтар) бөгде адамға айтпаңыз.
– Ешқашан ақшаңызды бейтаныс адамның шотына аудармаңыз.
– Күмәнді жағдай туындаса, бірден банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

Дереккөз: ҚР Жоғарғы соты

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу